Облыс орталығында "Рухани жаңғыру" орталығының ұйымдастыруымен "Рухани жаңғыру - Мәңгілік ел болашағы" атты фестиваль өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталмыш шара С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да өткізілді. Мұнда қала және аудан әкімінің орынбасарлары, ЖОО оқу орындарының және қоғам өкілдері қатысып, тиісті марапаттарға ие болды. Фестиваль аясында облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит сөз алып, байқау маңызына тоқталып өтті.
– Мемлекет саясатын іске асыруға бағытталған шаралардың осынау білім ордасында өткізілуі заңдылық деп білемін. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық жобасының облыстық кеңсесі де осында. Ал бүгінгі жиын барысында мараптқа ие болған мекеме ұйымдары мен басшылары үш жыл бойы атқарған табанды еңбектеріне қарай бағаланды, – деді ол.
Бұдан бөлек, облыстық Ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған байқау қорытындысы шығарылып, "Жылдың үздік жобасы", "Үздік Рухани жаңғыру штабы", "Кіші бағдарламалардың үздік менеджері" сынды аталымдар бойынша алғыс хаттар табыс етілді. Айталық, Жарма ауданы білім бөлімінің әдіскері Гаухар Увалиева «Кіші бағдарламалардың үздік менеджері» аталымы бойынша облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың алғыс хатымен марапатталды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ