ШҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бастамасымен қолға алынған сайысқа төрт мектептің оқушылары қатысты. Шара Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сот басшылығы мұндай жарысты биыл алғаш рет өткізді. Жазғы демалыс алдында қатысушылар үшін үлкен серпіліс болатындығына сенім білдірді. №47 мектептің спортзалына аталған білім ордасының оқушыларынан бөлек, №44, 26 және №19 мектептің ұл-қыздары жиналған. Ұйымдастырушылар жасөспірімдер мен жастар арасындағы спорттық ойынды жиі өткізу бұдан былай күн тәртібіне қойылатындығын жеткізді.
– Төрт мектептен 7-9 сынып аралығындағы оқушылар қатысып жатыр. Әр командада алты баладан. Төрешілер – түрлі мектептерден келген дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері. Бір жағынан, біздегі жұмысы бағыты басқалай болғандықтан, спорт мамандарының болғаны дұрыс. Олармен бірлесе, эстафета ережесін бекітіп, бас-аяғы бір айдай уақыт әзірлікке жұмсалды. Қалалық білім бөлімінен әдіскер шақырылып, жарыстың жай-жапсары талқыланды. Дене шынықтыру пәні мұғалімдерімен жолығып, сайыстардың оқушыларға қатты қиын болып кетпеуін де ойластырдық, – деді ШҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Сәния Тұтқанбаева.
Сәния Тұтқанбаева
Тағы бір айта кетерлігі, эстафетада бақ сынау үшін 5-6 сынып оқушылары тым кіші саналды, 10-11 сыныпта оқитындар алдағы емтихандарына дайындық жүргізсін деп қатыстырылмады. Жалпы, жарыс жеті кезеңнен тұрды. Алдымен кедергілерден жүгіру, сосын баскетбол добын секіртіп, арнайы «фишкалармен» жүгіріп өту, әрі қарай қаппен секіруден жүйрікті анықтады. Бірі соңғы метр қалғанда жылдамдығын жоғалтса, енді бірі қаппен қарғып келе жатып, сүрініп құлады. Дегенмен орындарынан атып-атып тұрып, жарыс жолын соңына дейін жүріп өтті.
Оларды қолдап, плакат әзірлеген жанкүйерлер сыныптастары мен достары үшін қиқуға басып, тақым қысты. Қатысушылар жарыс ережелерін жақсырақ түсіну үшін бапкерлер бастапқыда «үлгісін» көрсетіп отырды.
Сот басшылығы өз қаражаты есебінен жеңімпаз атанып, жүлде алғандарға мадақтама қағаздары мен бағалы сыйлықтар қарастырған. Бірінші, екінші орын алғандарға кубоктер бар.
Ұйымдастырушылар жасөспірімдердің барынша шынығып өсулерін басшылыққа алса, тағы бір жағы, жазғы демалыста оқушылардың бұзақылыққа бармай, есірткі-ішімдікке әуестенуінің алдын алуды ойлаған.
Әділхан ЕСІМХАНОВ