Өскеменде «Өмір сызығы» атты сурет көрмесі ашылды

436
көрілім

Облыс орталығындағы Өнер музейінде графика техникасынан сыр шертетін «Өмір сызығы» атты сурет көрмесі ашылды. Көрмеге 30-дан аса туынды қойылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Көрмеде қазақстандық, ресейлік, украиндық және литвалық суретшілердің жиырмасыншы ғасырдағы портреттері, пейзаждары, натюрморттары, сюжеттік композициялары көрермендердің назарын бірден өзіне аударады.

– «Өмір сызығы» көрмесі көрермендерге графика қорының үздік шығармаларынан сыр шертеді. Адамның жүріп өткен жолы, өмірі белгілі бір сызықтарға және дағдыға бағынады. Сол сияқты картинадағы бейнелерде өз дәуірін мейілінше суреттеп, құпиясын аша түскендей. Өкінішке қарай, графиканың орнын жаңа техникалық сызбалар басып озғандықтан бұл сала біраз кенжелеп қалды. Кейбір жұмыстар көп жылдар бойы қойма сөрелерінде жатып қалғандықтан бірінші рет шыны астындағы багетке безендіріліп (графика жанрына сай), алғаш рет көрермендерге ұсынып отырмыз, – дейді Өнер музейінің экскурсоводы Сыйлық Кәшей.

Көрмеге Ресейдің халық суретшісі Алексей Шмариновтың «Қара торғай» линогравюрасы, алматылық суретші Аман Бахтығалиевтың «Ана» түрлі-түсті литографиясы, Литваның еңбек сіңірген суретшісі Алдона Скирутитенің «Мереке» және «Ауылдағы демалыс» атты екі графикалық суреті, сирек кездесетін әйгілі Дат карикатурисі Херлуф Битструптың екі жұмысы осы көрмеден орын тапқан. Біздің жерлестеріміз Эдуард Чубук пен Ғабдулмәди Мерқасымов көрермендерді классикалық «Көшпенділер» туындысымен таң қалдырады. Принтерлік баспа техникасының дамуы барысында Фатима Молдабаева, Евгений Сидоркин сияқты кітап иллюстратор- шеберлерінің құпиялары тарихта қалады. Бұл суретшілердің қазақ ертегілері мен эпосына арналған жұмыстары –отандық мәдениеттің баға жетпес қазынасы болып табылады.

Шара барысында облыс орталығындағы арнайы білім беру ордаларынан келген оқытушылар көрермендерге картина туралы өз ойларымен бөлісті. Сонымен бірге суретшілер сурет өнерінің қызығы мен қиындығын жіпке тізгендей қылып баяндап берді.

– Көрменің ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейді өтті. Картиналардың басым бөлігі тарихи суреттер болды. Маған аса қатты ұнағаны, ашаршылық жылдарындағы елдің тұрмыс-күйі бейнеленген «Көшпенділер» туындысы болды. Суретке қарасаңыз, сол кездегі халықтың жағдайының соншалықты қиын екендігін суретші шебер бейнелеген. Біз тарихты тек кітаптардан ғана емес, тарихи сызылған суреттерден де білуімізге болды, – дейді Өскемен политехникалық колледжінің студенті Дамир Асқарбеков.

Таунар Қайрат