12 желтоқсан күні Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада жазушы Оралхан Бөкей атындағы әдеби залдың ашылуы болды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Шара ҚР Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы және «Рухани қазына» қосымша бағдарламасы аясында Өскемен қаласы әкімдігінің Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен өтті.
Салтанатты шараға қала әкімі Жақсылық Омар, «Nur Otan» партиясының ШҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков, мәдениет, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сарин, жазушының туыстары, қарындасы Ғалия Бөкейқызы және жергілікті ақын-жазушылар қатысты.
- Бүгін кітапханалар желісінде ұлағатты, тәлімді шараның куәсі болып отырмыз. Біз өзіміздің жерімізден шыққан талантты, атақты тұлғаларды дәріптеу арқылы қаламызды, өңірімізді дәріптейміз. Оралхан Бөкейді таныту арқылы одан әрі тереңдету, зерттеу, ол кісі қызмет еткен қаланы дәріптеу біздің негізгі мақсатымыз. Бұл жерде болашақта шығармаларды жақсы көретін жастар келіп бас қосатын болады және әдеби, мәдени шаралар өтеді. Сондықтан барлық демеушілерге, кітапхана басшылығына, жазушының туысқандарына алғыс айтамын, - деді Жақсылық Омар.
Шараға жиылған қауым жазушы жайлы естеліктерімен, жылы лебіздерімен бөлісті. Әдеби залдың сол жақ қабырғасында жазушының фотосуреттері мен «Еске алыңдар, сол қалпымда мені...» атты кітап көрмесі, О.Бөкейдің қолжазбалары, болгар, эстон, ағылшын, қырғыз, неміс, жапон, француз, сондай-ақ басқа да шетел тілдеріне аударылған кітаптары және суретшілер Б.Урманче мен Б.Исиннің туындылары қойылған. Сонымен қатар оқырманға BOKEY.KZ сайты таныстырылды.
- Ағамның атына кітапхананың аты берілгеніне өте қуаныштымын! Бұл өте үлкен мәртебе! Мұндай заманауи әдеби зал Қазақстанда жоқ. Осындай жаңа бастамалар арқылы киелі топырақтан ұлы тұлғалар шығады деп үміттенемін. Мұндай шараның өткізіліп отырғанына ризамын. Қазіргі уақытта елорданың зиялы қауым өкілдерінің арқасында «Оралхан Бөкей үйі» деп аталатын Халықаралық қор құрылды. Қазір өз жұмысын жүргізіп жатыр, - дейді жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызы.