Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Неткен ғажап дүние!» атты ІІ-республикалық публицистика байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
О.Бөкей атындағы Өскемен қалалық кітапхана «Алтайдың кербұғысы» атанған жазушының мерейтойына орай жыл басынан бері түрлі шараларды қолға алып келеді. Соның ішіндегі ең ауқымдысы – «Неткен ғажап дүние!» атты ІІ-республикалық публицистика байқауы болып отыр. «Мен очеркке жан бітірдім, бойына қан жүгірттім. Мал, малшы, өндіріс, жұмысшы» деп күбірлеп-сыбырлап келгем жоқ. Бар дауысыммен айқайлап «АДАМ!» деп келдім. Иә, бізге керегі – ең әуелі Адам» деген кезінде Оралхан Бөкей. Қала әкімдігі қолдау көрсеткен бұл байқаудың мақсаты – жазушының осы көркем мәнерін жаңғырту, ізбасарларын анықтау, қолдау.
Байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанатына қала әкімі Жақсылық Омар қатысып, шара шымылдығын өз сөзімен ашты. Одан кейін белгілі қаламгерлер Әлібек Асқар, Нұртөре Жүсіп және Асқар Алтай Оралхан Бөкейді еске алып, жылы естеліктерімен бөлісті.
– Оралхан 49 жасында Үндістан жерінде аяқ астынан инфаркт алып қалып, қайтыс болды. Сол сапарға өзім де барған едім. Оның денесін еліне алып кетпек болғанымызда бұл жақтағылар келіспей, «Үндістанда жерлейміз» деді. Біз болсақ «Олай болмайды. Бұл Қазақстаннан келген делегация басшысы, классик жазушымыз. Денесін осында қалдырып, қалай кете береміз? Онда біз де қайтпаймыз!» деп отырып алдық. Ол кезде қазіргідей елшілік деген жоқ. Содан елдегі атқамінерлерге хабарласып, жағдайды түсіндіріп айттық. Ұзақ келіссөздерден кейін әйтеуір түбінде Оралханның денесін Алматыға алып келдік, – дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты, жазушы Нұртөре Жүсіп.
Қазылар алқасының шешімімен «Неткен ғажап дүние!» байқауының Бас жүлдесін астаналық Жантас Еркінұлы «Тілей» атты очеркімен жеңіп алды. Оған 1 млн теңгенің сертификаты берілді. Ұлытау аймағынан ат арытып жеткен қаламгер Абай Ораз «Тобылғы жарғанның суығы» атты очеркі үшін бірінші орынды иеленсе, екінші орынға Алматыдан келген Айзат Рақыш («Қымбаттың Бойтұмары» очеркі үшін), үшінші орынға жерлесіміз Айнаш Асанова («Жұлдызыңыз жоғары болсын» атты очеркі) жайғасты. Барша жеңімпазға қаржылай сыйлықтан бөлек, Өскемен қаласы әкімінің дипломы мен сертификаты берілді.