Өскеменде «Оралхан Бөкей оқулары» облыстық байқауы өтті

770
көрілім

Шара Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада өтті. Өңірдің әр ауданынан келген қатысушылар сайыс кезінде прозалық шығармалардан үзінді оқып, соңында драмаға де ден қойды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Байқау үш кезеңге жалғасты. Қатысушылар әртүрлі мамандық иелері. Бірі психолог, бірі оқу ісінің меңгерушісі, енді бірі өзі туралы анықтамаға такси жүргізушісі деп жазыпты. Дегенмен барлығының жетекші күші – байқауға деген тыңғылықты дайындық. ШҚО Лингвистикалық орталығының директоры Әсемгүл Абзалованың сөзінше, қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің бірі Оралхан Бөкейдің әр шығармасы Алтайдың тұмса табиғаты мен тереңге тұнған сырын толық суреттейді. Ал оның 80 жылдығы аясында өтіп жатқан шаралар өскелең ұрпақ пен жастарға әркез азық.


– Оралхан Бөкей журналистика мен көркем әдебиетті байланыстырып жазған алғашқы қаламгер. Ол жазушылыққа жарқ етіп келді де, жарқ етіп кетті. Осындай шараның мақсаты – Оралхан Бөкей есімін мәңгі есте сақтау. Ол облыс, республика көлемінде ғана емес, әлемге де танымал прозашы, – деді Әсемгүл Мәдениетқызы.


Конкурс шымылдығын ашқан зайсандық Тілектес Бексатов «Мұзтаудың мұзбалағы» жазған «Кербұғыдан» үзінді оқыды. Мұқият әзірлікпен келгені осыдан-ақ байқалды. Одан кейін реттілікпен шыққандардан Күршім ауданының намысын арқалаған Назерке Жанатова сенімді өнер көрсетті. Алғашқы кезеңде де, соңында да сөз саптауы, сахнада ұстауы өз деңгейінде болды.


Сайыс қорытындысы төмендегідей:
Бас жүлде – Тілектес Бексатов (Зайсан ауданы)
1 орын – Назерке Жанатова (Күршім ауданы)
2 орын – Жанерке Серікжан (Тарбағатай ауданы)
3 орын – Елена Кусаинова (Катонқарағай ауданы)
3 орын – Әлия Хамбар (Глубокое ауданы)