Өскемендегі О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада «Алтайдың кербұғысы» атанған жазушының 80 жылдығына орай республикалық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойы аясындағы кітапханашылардың республикалық конференциясы «Кітапхана – ХХІ ғасырдағы сауаттылық түрлерін қозғаушы күш» деп аталды. Бүгін басталған шара ертеңге дейін созылады.
Конференцияның мақсаты – Оралхан Бөкей атындағы кітапхана қызметіне заманауи технология түрлерін енгізу бағытында жүзеге асырылған жаңашыл жобалардың жетістіктерін бөлісу. Жиынға Абай, Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының және Астана қаласының кітапхана мамандары, Шығыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Самат Қасенов пен Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит қатысуда.
Ең әуелі сөз алған жазушы Әлібек Асқар Оралхан Бөкей жайлы естеліктерімен бөлісіп, оның мол мұрасының маңыздылығы жайлы ой қозғады.
- Қазіргі уақытта ең көп оқылатын жазушы – Оралхан. Ол журналистика мен көркем әдебиетті байланыстырып жазған алғашқы қаламгер. Әуелі бұған кейбіреулер қарсы да болды. Бірақ өзіңіз зер салсаңыз, әлемге әйгілі жазушы Эрнест Хемингуэйдың қай шығармасын алсаңыз да ішінде журналистиканың ізі байқалады. Оралхан жазуды бастағанда бәрі Оралханша жазғысы келді. Бірақ оған еліктеу, соған ұқсау мүмкін емес. Себебі Оралханның стилі тым ерек, - дейді ол.