Өскеменде өрт сөндірушілер мен полицейлер «Жолдағы көмек» акциясын өткізді

666
көрілім

Өскеменде өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері «Жолдағы көмек» акциясын өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шақыртуға асыққан өрт сөндіру көлігінің арнайы жарық және дыбыс сигналдарын қосып келе жатқанына қарамастан жол бермейтіндер кездесіп жатады. Ал бірақ тоқтап, өткізіп жіберетіндер де аз емес. Осынау акцияның мақсаты – жол беретін азаматтарды марапаттап, алғыс айту. ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Марина Лискованың айтуынша, мұндай шара бірінші рет өткізіліп отыр.

Ең әуелі жаяу жүргіншілер жолағында келе жатып, жүйткіп келе жатқан өрт сөндіру көлігін көріп тоқтаған 2 әйел марапатталды. Құтқарушылар мен сақшылар оларға Алғыс хаттар беріп, алда келе жатқан Конституция күнімен құттықтады. 

Фатима Ескендірова есімді жүргізуші артында келе жатқан арнайы көлікке жол беру үшін сол жақтағы жолақтан оңға қарай ауысты. Сонда да полицейлер тоқтатқанда басында түсінбей қалған. 

- Жол ережесін білгендіктен өрт сөндіру көлігіне жол беру үшін оң жолаққа ауыстым. Полицейлер тоқтатқан кезде ереже бұзбаған секілді едім деп ұқпай қалдым. Өмірімде алғаш рет осы секілді акцияға қатысып отырған шығармын, - дейді ол.

Ержан Еркінов есімді қала тұрғыны да өрт сөндіру көлігіне жол бергені үшін тоқтатылды.

- Шақыртуға бара жатқан арнайы көліктерге әрдайым жол берген дұрыс. Себебі арғы жақта адам өміріне қауіп төніп тұруы мүмкін. Ертең өзімізде де әр түрлі жағдайлар болып жатса көмек сұрап жатамыз. Көлік айдап жүргеніме 10 жылдан асты. Осыған дейін жарық және дыбыс сигналдарын қосып келе жатқан жедел жәрдем көлігіне жол бергенім есімде, - дейді өскемендік. 

Жалпы акция барысында 10 жүргізуші тоқтатылған.

- Бүгін міне Конституция күніне орай «Жолдағы көмек» акциясын жүргізіп отырмыз. ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодексінің 598-бабы бойынша арнайы жарық және дыбыс сигналдары iске қосылған өрт сөндіру көлігіне жол берген жүргізушілерді тоқтатып, Алғыс хаттар табыс еттік, - дейді полиция қызметкері Еркебұлан Сейітбеков.

 

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ