Өскеменде өрт сөндірушілер отқа оранған үйден әйел адамды алып шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 9 қазан күні өрт сөндірушілер Камчатка көшесіндегі жалын шарпыған жер үйге аттанған. Оқиға орнына жеткен кезде оларға үй иесі іште қызының қалып қалғанын айтады.
– Құтқарушылар бірден өртенген үйге кіріп, әйел адамды алып шықты. Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері 1984 жылғы тұрғынға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Сәлден соң жедел жәрдем қызметкерлері оны ауруханаға жеткізді, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Өрт сөндірушілер жалпы ауданы 100 шаршы метрге жеткен тілсіз жауды ауыздықтаған. Алдын ала мәліметтер бойынша жалынның шығу себебі – электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан болуы мүмкін. Өртті өшіруге 15 адам мен 3 автоцистерна тартылған.