ШҚО отбасылық үлгідегі балалар ауылы 2000-шы жылы ашылды. Бұл жерде 18 жасқа дейінгі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 64 бүлдіршін мен жасөспірім тәрбиеленуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Балалар ауылының бір ерекшелігі – тәрбиеленушілер ауыл аймағында бөлінген өз үйлерінде жайлы өмір сүріп жатыр. Олардың білім алып, жан-жақты дамуы үшін бұл жерде барлық жағдай жасалған. Мұндағы балалар білім, ғылым, спорт, өнер, техника саласында дамып, үйірмелерге қатысады. Қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық сайыстарда да жүлделі орындарға ие болып жүр.
1 наурыз – Алғыс айту күніне орай отбасылық үлгідегі балалар ауылына ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан арнайы қонақтар келді. Олар осындағы тәрбиеленушілерді әлеуметтік-патронаттық қолдау бойынша аталған мекемемен өзара ынтымақтастық туралы әлеуметтік шарт жасасты. Бұл іс-шараның мәні – әр бала үшін білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, мамандық таңдау, ЖОО түсу мәселелері бойынша көмек көрсету үшін патронатты мекемелерді бекіту. Сондай-ақ кешенді жоспар аясында басқарманың әр маманы жыл сайын 1 күндік жалақысын тәрбиеленушілердің жеке банктік шоттарына аударып, қаржылай көмек көрсетеді. Бұл сома болашақта балалардың білім алуы мен жеке баспанасына ие болуларына септігін тигізеді.
- Облыс әкімі Ермек Көшербаевтің қолдауымен «Мейірім» қайырымдылық акциясы осы жылы да жалғасын тапты. Бұған дейін әлеуметтік келісімшарттар Тарбағатай, Ұлан және Глубокое аудандық білім бөлімдері және Ахмер орта мектебімен жасалған. Бүгінгі мереке қарсаңында отбасылық үлгідегі балалар ауылына көмек көрсету үшін Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы келіп отыр. Біз барша кең жүректі, әркез көмек қолын созуға аянбайтын азаматтарға зор алғыс білдіреміз!, -деді Балалар ауылының директоры Меңдігүл Қаниева.
Сондай-ақ жиынға облыстық сот басқармасы, ЦентрКредит Банкі, «Өскемен Водоканал» Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, өнер саласында жүрген қала азаматтарынан құралған «Жан жылуы» қайырымдылық қоры, «Q4 Tulpar» халықаралық автокөлік сауда үйінің Өскемен қаласы бойынша филиалы, өзге де мемлекеттік мекеме өкілдері мен жеке кәсіпкерлер келді. Қонақтар бүлдіршендерге арнап тәтті сыйлықтары мен ойыншықтарын, спорттық құрал-жабдықтарын сыйға тартты. Мерекелік концерт барысында тәрбиеленушілер өз өнерлерін көрсетіп, ыстық ықыласқа бөленді. Әннен шашу шашып, би биледі. Ұлттық аспаптарда күй орындап, жеткен жетістіктерімен бөлісті. Сонымен қатар, уақыт бөліп келген әр қонаққа өз қолдарымен жасаған сыйлықтарын ұсынып, көрсетіліп жатқан қолдау мен көмек үшін ризашылықтарын білдірді. Осы уақытқа дейін Балалар ауылынан түлеп ұшқан жастар да өмірден өз орнын тапқан. Жоғары білім алып, жұмысқа орналасып, өз отбасыларын құрған. Мекеме ұжымы оларды да ерекше мақтанышпен еске алды.
Шара соңында меймандар тағдыр тәлкегіне түскен балалардың жай-күйімен танысып, тұрып жатқан үйлерін аралады. Тәрбиеленушілер әр қонақты өз шаңырақтарына шақырып, көтеріңкі көңіл-күйде әңгіме-дүкен құрды. Балалардың бал-бұл жайнаған жүздерін көрген демеушілер осындай игі істер әрі қарай да жалғасады деп тарқасты.
Қымбат МУХАМАДИЕВА