Облыс әкімдігінде өткен жиында бірнеше жауапты тұлға өңір бойынша өзекті саналатын тақырыптарға тоқталды. Жылыту кезеңінен бастап, өңірдегі жұмыссыздық, кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қаралды. Кабинеттегі депутаттар да үнсіз қалмай, ұсыныстарын айтып, сауалдарын қойды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жұмыссыздық төңірегіндегі жұмыс
Алдымен облыстық мәслихат төрағасы Денис Рыпаков ауылдық округ, ауданнан бастап, облыс деңгейіндегі депутаттарды халықпен кездесу, олардың мәселесіне құлақ түру кезінде немкетті қарамауға шақырды. Айтуынша, көп шенеунік соңғы уақытта атқарылған жұмыстар бойынша тұрғындар алдында есеп беруді қойды. Қысқасы, не істелінді, қандай өзгерістер болып жатыр – тоқсан сайын қорытындыланып отыруы тиіс.
ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова статистикалық деректер ұсынды. Оның сөзінше, жылдың екінші тоқсанындағы мәліметке сәйкес, аймақтағы экономикалық белсенді адамдардың саны 390 мыңға жетті. Оның ішінде:
-
Жұмыссыздар – 18200 адам;
-
Жұмыссыздық деңгейі – 4,7%;
-
Жастар арасындағы жұмыссыздық – 3,2%.
Альмира Әскерханқызы облыс көлемінде бұл мәселені шешу үшін кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның рөлі зор екенін айтты.
– Аталған жобаға бюджеттен 6 млрд 700 млн теңге қаржы бөлінді. Қазан айының 1-ндегі мәліметке сәйкес ұлттық жобаға 18108 адам қатысып, оларға кешенді қолдау шаралары көрсетілді. Жобаға қатысушылардың 50%-ы жастар, – деді басқарма басшысы.
Соның шеңберінде:
1) 13396 адам жұмысқа орналастырылды;
2) 6824-і тұрақты жұмысқа;
3) 6572 адам субсидияланатын жұмысқа тұрды.
Альмира Мусинова ұлттық жоба қарастыратын тағы бірнеше статистикалық деректер келтірді. Белгілі болғандай:
-
Жастар практикасына – 587
-
Әлеуметтік жұмыс орындарына – 465
-
Қоғамдық жұмыстарға – 4470
-
«Бірінші жұмыс орны» жобасына – 219
-
«Күміс жас» жобасына – 818 адам тартылды.
Ұлттық жоба шеңберінде көп сұранысқа ие жұмыс берушілердің бірі қысқа мерзімді кәсіби оқыту. Биыл жұмыспен қамту сұрақтары бойынша аймақтық комиссия 54 мамандықтың бағасын бекітті. Қысқа мерзімді кәсіби оқыту жоспарына 757 адам енген. Қазан айының 1-і күнгі ақпаратқа сәйкес 390 адам оқуды аяқтап, 324 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасқан көрінеді.
– Осындай оқыту кезіндегі жаңашылдықтардың бірі – шалғайдағы ауылдарды қамту басшылыққа алынған. Мәселен, Күршім ауданына қарасты Қалжыр ауылында жұмыссыз 11 адам дәнекерлеу ісі, тамақтандыруды ұйымдастыру, есеп және аудит бойынша аталған жобаға қатысты. Барлығы да тұрақты жұмыспен қамтылды. Әлеуметтің осал топтарын қолдау үшін 400 АЕК (323 млн теңге) көлемінде қайтарымсыз грант бөлу жағы да бақылауда тұр. Қазан айының 10-ы күнгі мәліметке сәйкес осы гранттарды бөлу көрсеткіші 97%-ды құрады, – деді Альмира Мусинова.
«Сергектен» серпіліс байқалмайды
Бұдан соң тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді, жылумен қамту ұйымдарын және әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандардың жылыту маусымына дайындығы айтылды. Облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Рамазановтың сөзінше, өңір бойынша жылу қазандықтарының 99%-ы қысқа дайын.
– ҚР Үкіметінің төтенше резервіндегі 1,1 млрд теңге қаржы есебінен Риддердегі ұзындығы 2,3 шақырым жылу желілерінде күрделі жөндеу жүргізілді. Катонқарағай ауылындағы жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын қазандық пен жылу желілерін қайта құру биыл басталды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында басталған жұмыс 2024 жылы тәмамдалмақ, – деді Нұрлан Сағибекұлы.
Өскемен бойынша Согра жылу электр желісі 100%-ға әзір көрінеді.
– Бюджеттік ұйымдарда көмірге деген қажеттілік – 41 мың тонна. Жалпы, Өскемен ЖЭО, Согра ЖЭО және Риддер ЖЭО-да қатты отынның жеткілікті қоры бар. Серебрянск қаласындағы жылу қазандықтарының бірі жөндеуді қажет етеді. Жағдай біздің бақылауымызда. Алтай ауданы әкімдігі жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп қойды. Қаржы бөлінсе, бірден жөнделеді, – деді ол.
Сессия барысында мәслихат депутаттарының бірі Өскемендегі «Сергек» камераларының тиімсіз жұмысын сөз етті. Заманауи жабдықты орнату туралы ұсыныс 2017 жылы қабылданып, 2018 жылы тәртіп бұзған жүргізушілер бірінен соң бірі анықтала бастады. Шенеуніктер осы «Сергек» арқылы бір кезде 5 млрд теңгеге дейін айыппұл өндірілгенін атап өтті.
– Соның арқасында қаладағы тәртіп сақшыларының санын азайтып, техникаға иек арту жұмыс өнімділігін арттырады деп сенді. Полицияның айлығын көтеру жағы да талқыға түсті. Бүгін сол уәждің барлығы дерлік орындалып жатпағанын байқап отырмыз. Полицияның саны еш азаймады. Алдағы мәслихат сессиясында осының басын ашсақ жөн еді, – деді жиынға қатысушылардың бірі.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев мұны алдағы уақытта міндетті түрде қарастыратындықтарын жеткізді. Айтуынша, осы мәселе биыл шілде айында көптің талқысына түсті.
– Шынымен де, «Сергек» тәртіп бұзушылардың жолын кесуде барлық міндетті атқара алмайды. Бұған жаңа жол іздеп, жаңа шешімдер бекіткен дұрыс. Себебі, бұл бағытта қомақты қаржы жұмсалып жатыр. Бір камераның өзіне бірнеше қызметкер жауапты, – деді Ермек Беделбайұлы.
Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосурет noks.kz)