Өскемен қалалық №2 сотында ойын бизнесін құрып пайда тапқан ер адамның ісі қаралды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Тұрақты жұмыс орны жоқ 33 жастағы азамат ақша табу үшін заңсыз жолға түскен. «Бизнес жоспарын» іске асыру үшін ол ең алдымен Қапшағай мен Шу ауданында ғана рұқсат етілген ойын автоматтарын Өскеменге әкеледі. Содан барын «FRUIT ЮТО», «ДАЙ ПЯТЬ», «TURBO KENO», «LUCKY LADY CHARM», «SIZZLING HOT DELUXE», «ПОБЕДА», «КАРТ ЛОТО», «MONKEY LOTO», «LUCKY HAUNTER», «КЕНО», «ФРУКТОМАНИЯ», «30-ЛОТО», «КУРОРТЛОТО» сынды ақшалай ұтысты ойындары бар автоматтарды бірқатар сауда орындары мен дүкендерге орналастырған.
Көп ұзамай ШҚО Мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің мамандарына бұл заңсыз ойын автоматтары жайлы ақпарат келіп түседі. Тиісті шараларды қолданған департамент өкілдері Өскемен қаласының тұрғынын сотқа тартты.