Өскемен қаласындағы кітапханада "Кел, сөйлесейік!" клубының мүшелері қазақ әндерін орындап, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеді. Шараға қала әкімі Ирина Смит қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
О. Бөкей атындағы кітапханада наурызнама аясында мерекелік кеш ұйымдастырылды. "Кел, сөйлесейік!" қазақ тілін үйрету клубы қатысушыларының Ұлыстың ұлы күніне арнаған өнер бағдарламалары былтырғыдан да бай. Өнер кешінде өзге ұлттың ұл-қыздары, жасы мен жасамысы Наурыз туралы әуезді әндер шырқап, нақышына келтіре өлеңдер оқыды. Тіпті, айтыс өткізіп, келушілерді сүйсінтті. Ұлттық салт-дәстүрімізді көрсетіп, ақ тілектерін арнады.
- Наурызға арнап өздері жазған өлеңдері өрнектілігімен өзгеше әсер етті, - дейді ұйымдастырушылар. - Өнер кешінің соңында балдырған бала бата беріп, көңілімізді көркейтті. Әз-Наурызды ерекше әсерлі өткізген қатысушыларға Қыдыр бабаның қоржын-сыйлығынан сый-сияпаттар тарту етілді.