«Достық үй – қоғамдық келісім орталығының» ұйымдастыруымен қолға алынған шара алғаш рет өткізіліп отырған жоқ. Бүгін белсенді жастар кезекті қала дүкендерін аралады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Колос» аялдамасы жанындағы «Ауезовский» дүкенінде нан және нан өнімдері, ет, балық пен балық өнімдері, тәттілер және тағы басқасын сататын түрлі дүңгіршек бар. Олардың сатушылары қызметті мемлекеттік тілде көрсетуді сұраған тұрғындар жиі кездесетіндіктерін айтты. Ұйымдастырушылардың басшылыққа алғаны сол – қазақ тілінде және оның орысша аудармасы қатар жазылған буклеттер тарату. Онда сатушылар үшін ыңғайлы, қарапайым сөйлемдерден құралған қысқа мәтіндер бар.
– Қазақ тіліндегі сөздердің көбін түсінемін. Мемлекеттік тілде қызмет көрсетуімді сұраса қаз-қалпы қабылдаймын. Жұмыс кезінде түрлі жағдайлар болады. Етіміз үйренген, – деді Юлия есімді сатушы.
БАҚ пен қызмет көрсету саласы өкілдеріне дәнекер болып, буклеттер таратудың мақсатын түсіндірген – «Ассамблея жастары» жастар қозғалысының мүшесі Василий Березовский. Оның сөзінше, күнделікті өмірде ұсақ-түйек нәрселердің өзі жұмыстың жалғасуына кедергі. Соның бірі – тіл білмеудегі тосқауыл.
– Кез келген адам өзгерісті өзінен бастауы керек. Сол үшін де бүгін шағын сөздіктерімізді тараттық. Дүкен сатушыларында мемлекеттік тілде қызмет көрсету кезінде қиындықтар болуы мүмкін. Күніне кемі 1-2 қазақша сөзді жаттап, айтып жүрсе көп-көрім үйреніп қалады. Тәжірибе болмай, бірден бәрін меңгеріп кету қиын. Меніңше, кей сатушылар қазақ тілінде дұрыс сөйлей алмай қысылады. Еш ыңғайсызданбау қажет деп есептеймін, – деді ол.
Аталған дүкенде жұмыс істейтін Маргарита есімді сатушының сөзінше, осындай буклеттер тарату дұрыс бастама. Өзі де қазақша-орысша сөздікті қолданғысы келіп жүргенін жасырмады.
Ал жеміс-жидек саудалап тұрған Таисияның айтуынша, қазақ мектебін бітірген. Мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді сұраған тұрғындарға емін-еркін жауап береді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ