Өскеменде полиция көлігі қағып кеткен ер адам оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты

679
көрілім
Жол-көлік оқиғасында зардап шеккен Павел Любимовты отаға дайындап жатыр.

Екінші қазан күні облыс орталығындағы Бажов көшесінің бойында полицияның патрульдік көлігі екі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Нәтижесінде көлік астына түскен екі адамның бірі аурухана төсегіне таңылды. Облыстық Ішкі істер департаментінің хабарлауынша, полиция қызметкерлері шақырту бойынша кетіп бара жатып жол үстінде тұрған адамдарды байқамай қалған көрінеді. Енді тергеу орын алған жол апатында кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екенін анықтауы керек, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Полиция көлігінің адамдарды қағып кеткені туралы ақпарат өткен аптаның дүйсенбісі күні кешкі уақытта әлеуметтік желілерде тараған еді. Қала тұрғындары оқиға орнында түсірілген әуесқой бейнетүсірілімді желіге жүктеп, бір-біріне таратты. Онда полиция көлігінің жолдан өтпек болған екі адамды қағып кеткені түсірілген болатын. Ал түсірілім авторы болса полиция көлігінің рөліндегі тәртіп сақшысының басқа патрульдік көліктегі әріптесімен «жарысқанын» айтып отырды. Бейнетүсірілімде оқиғадан соң екінші патрульдік көліктің кері бұрылып, оқиға орнынан кетіп қалғаны көрініп тұрды. Ішкі істер департаменті болса патрульдік полиция көлігінің шақырту бойынша асығыс кетіп бара жатқанын алға тартты.

– Қала аумағына белгісіз бір көліктің Прапорщиково ауылы жақтан кіріп, жол үстінде бұлғақтап жүргені және көше шетіне жиі тоқтайтыны жөнінде ақпарат келіп түсті. Осыған байланысты полиция экипажы күдікті көлікке қарай аттанып, жүргізушісінің жағдайын тексермек болды, – деп хабарлады ШҚО ІІД баспасөз қызметі. – Жолда кетіп бара жатқан олар көшенің тыйым салынған жерінен қиып өткен екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Көлік астына түскен ер адамдардың бірі ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

Куәгерлер оқиға орында көлік астына түскен адамдардың бірінің өз бетінше орнынан тұрып, жол үстінен кетіп қалғанын бейнетаспаға түсіріп алған. Екіншісі тұра алмай асфальт үстінде жатты. Сәлден оның жанына полиция қызметкері жақындайды. Тәртіп сақшысының бұдан кейінгі әрекеті жиналған халықтың ашуын туғызды. Олардың айтуынша, полиция қызметкері жерде жатқан ер адамды ауыр халіне қарамастан орнынан тұрғызбақ болған. Көпшілік полиция қызметкерінің осы әрекетімен көлік астына түскен жаяу жүргіншінің жағдайын одан әрі қиындатып жібере ме деп күдіктенді.

– Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің «Автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан бұзуы» 345-бабы бойынша қылмыстық анықтау шаралары басталды, – деп қосты құқық қорғау ведомствосы. – Көлік астына түскен ер адамға полиция қызметкерінің көмек көрсету әрекеті қызметтік тексеріс аясында қаралатын болады.

Көлік қаққан жолаушыны жатқызған аурухана қызметкерлері ер адамға жақын арада ота жасалатынын хабарлады.
– Науқас жағдайы қанағаттанарлық. Ол бізге аяқ жіліншігінің және білек сүйегінің сынықтарымен, көптеген жарақаттармен және бас миының шайқалуымен түсті, – деп хабарлады бірінші қалалық аурухананың травматология бөлімшесінің емдеуші дәрігері Ерболат Батырқанов. – Пациенттің жағдайы тұрақталған соң ота жасауға тура келеді.

Аурахана төсегіне таңылған ер адам газет тілшісіне орын алған оқиға бойынша өз нұсқасын айтып берді.
– Жұмыстан келген соң көлігімді көлікжайға қойып, көршім екеуіміз үйімізге қайтқан едік, – дейді 39 жастағы Павел Любимов. – Гараж кооперативінің маңына жақын Бажов көшесінің бойында орналасқан №343/1 үйдің жанында жолды кесіп өттік. Сол жақтан келе жатқан көліктердің барлығын өткізіп жіберген соң жол ортасына шықтық. Оң жағымызда шамамен жиырма метрдей жерде жалғыз көліктің келе жатқанын байқадым. Енді бір сәтте күшті соққыны сездім. Көзімді ашсам, асфальтта жатыр екенмін, орнымнан тұрмақшы болып талпынғаныммен, қайтадан құладым.

Зардап шегушінің айтуынша, оларды көздері шалған автокөлік қақпаған көрінеді.
– Белгілі болғандай, біз көрген автокөлікті сол мезетте полицияның патрульдік көлігі қатты жылдамдықпен басып озған екен, – деп Павел сөзін жалғады. – Ал біз болсақ сол сәтте жол ортасына жетіп қалған болатынбыз. Бізде қандайда бір әрекетке барып, жалт беруге мүмкіндік болмады.

Ер адам жуырда өзін қағып кеткен полиция көлігі жүргізушісінің ауруханаға келгенін айтты.
– Ол сол уақытта сиренасы мен жарқылдауық маягын қосып шақырту бойынша кетіп бара жатқанын айтып отыр, алайда олай емес еді, – деп Павел Любимов өз нұсқасын айтты. – Сирена дауысын естіген есті адам жол ортасына шықпас еді, бірақ ешқандай сигнал болған жоқ!

Пациенттің айтуынша, полиция қызметкерлері зардап шегушілерге орын алған оқиға бойынша кінәнің көлік астына түскендердің өздерінің арқалайтынын нұсқаған сыңайлы.
– Оларға «Егер мен тыйым салынған жерден өтсем айыппұл салыңдар, бірақ алдымен кінәмді анықтаңдар» дедім, – дейді Павел Любимов. – Жол түзу, екі жағы да жақсы көрінеді, әр бағыт бойынша бір жолақты, жаяу жүргіншілер өткелі жоқ! Жол жүрісі қағидаларына сәйкес мен жолды кез келген жерде тік бұрыш жасап өте аламын. Дәл сол мезетте полиция қызметк