Өскеменде полиция қызметкері өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарды

374
көрілім

Облыс орталығында өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды полиция қызметкері құтқарып қалғаны жайлы бейнежазба тарады, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

17 желтоқсан күні сағат 15.30 шамасында полицияға үшінші қабаттағы пәтердің балконынан секірмек болған ер адам туралы хабар келіп түскен.

Оқиға орнына дереу тәртіп сақшылары жіберілді. Барар жолда учаскелік полиция қызметкерімен байланысқа шығып, үй жалға берілетін пәтер ретінде тіркелгені белгілі болды. Кейін үй иесіне хабарласқанда, пәтерді 39 жастағы ер адам 2 күнге жалға алғаны анықталды.

Полицейлер оқиға орын алған жерге жетіп, дереу әрекет ете білді. Бірі өзіне қол жұмсамақ болған адамды алдарқатып тұрған сәтте, екіншісі үй иесімен бірге пәтерге кіріп, ер адаммен әңгімелесіп райынан қайтаруға тырысты. Сол сәтті пайдалана отырып өткір қимылмен ер адамды қауіпсіз жерге сүйреп апарды. Осы әдіспен тәртіп сақшылары адам өмірін сақтап қала алды.