Жол-патрульдік полиция қызметкерлері Өскемен қаласының тұрғынына «тоқтауға болмайтын жерде тоқтадыңыз» деп айып таққан. Тыйым салатын жол белгісінің көзге көрінбейтінін айтқан көлік жүргізушісі олардың сөздерімен келіспейтінін жеткізеді. Ал полицейлер болса әкімшілік хаттама толтырған кезде «Келіспесеңіз осында қол қойыңыз. Сізді бірнеше күннен кейін комиссияға шақырады. Кімдікі дұрыс екендігі сол жерде шешіледі» деген. Онысына келісіп ұсынған жерде қол қойған азамат, араға біраз уақыт салып тиісті мекен жайға барады, алайда ол жердегі қызметкерлер оқиғаны зерттеп-зерделеудің орнына, жүргізушіге айыппұл төлеуді талап еткен, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Облыс орталығындағы Ворошилов көшесі, 157 мекен жайының маңайына тоқтаған Бақытжан (есімі өзгертілген) сол жерде біраз кідірмек болады. Алайда оның қасына келген жол-потрульдік полиция қызметкерлері бұл жерде тоқтауға болмайтынын айтқан. Көлік жүргізушісінің «Тыйым салатын жол белгісі жоқ қой» деген сөзін естіген тәртіп сақшылары сол маңайда өсіп тұрған ағаштардың арасында жапырақтармен жабылып көзге көрінбей тұрған жол белгісін нұсқайды (суретте көрсетілген).
– Бірден жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне маған таққан айыппен келіспейтінімді жеткіздім, себебі жолдың шетінде тұрған жол белгісі ағаш жапырақтарының арасынан мүлдем көрінбейді. Олар әкімшілік хаттама толтыратындығын, егер олардың шешімімен келіспейтін болсам сол құжатқа қол қою керектігімді айтты. Сондай-ақ, олар кімдігі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін комиссия шешетінін алға тартты. Сөйтіп, 5 күннен кейін полицейлер айтқан Сәтпаев даңғылы 73/1 мекен жайындағы 122-ші кабинетке бардым. Алайда ол жерде отырған қызметкерлер мәселені саралаудың орнына маған 5 АЕК (11 345 теңге) көлемінде айыппұл жазып берді, – дейді Бақытжан.
Қала тұрғыны болған мән-жайды айтып, Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жүгінді. Сот материалдарында анықталғандай, Ворошилов көшесі, 157 мекен-жайының маңайында орналасқан жол белгісі заңмен бекітілген талаптарға сай емес. Ал Бақытжанға өз құқығын қорғауға мұрсат бермей, бірден айыппұл рәсімдеген полиция қызметкерлері оның конституциялық құқығын аттап өткен. Осыған байланысты, сот шешімі бойынша Бақытжанға салынған айыппұл өз күшін жойды. Үкім заңды күшіне енді.