Өскеменде праймериз қатысушыларының жария пікірсайысы өтті

514
көрілім

Жиын барысында дауыс берудің бірінші және екінші кезеңдерінде ең көп дауыс жинаған үміткерлер бір-бірлеріне сауалдарын қойып, әлеуметтік мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шара алдында сөз алған облыс әкімі Даниал Ахметов осы уақытқа дейін өткен сайлау кезінде бірқатар қоғам белсенділері мен түрлі сала мамандарының халықтың әлеуеті мен өмір сүру сапасын жақсарту, жастарды жұмысқа тарту, әлеуметтік және түрлі мәселелердің шешу жолдарын ұсынған қатысушыларға алғыс білдіріп, «Nur Otan» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс XXIV конференциясының маңызын түсіндірді.

– Қалалар мен аудандарда сайлауалды бағдарламаларды бекіту 10-12 қараша күндері аумақтық конференцияларда жүзеге асырылды. Тиісті бағдарламаға сәйкес қалалар мен аудандарда «Nur Otan» партиясының сайлауалды жобасы әзірленді, – деген облыс басшысы ең көп дауыс жинаған үміткерлердің жария пікірсайыс кезінде де өзекті мәселелер көтеріп, оның тиімді шешу жолдарын ұсынатындықтарына шек келтірмеді.

Алғашқы кезеңдерде ең көп дауыс жинаған алты үміткер ҚР Парламент Мәжілісіне депутаттыққа кандидаттыққа ұсынылмақ. Қай қатысушы бірінші болып сөйлейтіндігі жеребе арқылы анықталып, рет-ретімен көпшілік алдына шықты. Сайлауалды бағдарламалары мен аймақтағы әралуан мәселелерді шешу жолдарын ұсынуға 3 минут уақыт берілді. Тартылған жеребе реттілігіне қарай дебат шымылдығын Тарбағатай ауданындағы «Бота» ЖШС директоры Қайрат Қожахметов ашты.

– Құрылыс компаниясын құрғаныма 15 жыл болды. Депутаттыққа түсер кезде аудан халқымен жолығып, түйткілді мәселелеріне құлақ түрдім. Шешілмей жатқан мәселелер аз емес. Ауданда көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың күні бүгінге дейін баспанаға ие бола алмай жатқандығы айтылды. Көптеген ауылдарда амбулатория жоқ. Қазіргі індетті ескере келе жуық арада осы олқылықтың орнын толтырған жөн. Бірқатар елдімекендерде спорт зал, асхана, зертхана сынды орындар қарастырылмаған. Шекаралық аумақтағы ауылдар, соның ішінде Ахметбұлаққа апарар жол талайдан бері жөндеу көрмеген, – деді Қайрат Қабдешұлы.

Ал Катонқарағай ауданындағы «Элхон» ЖШС директоры Лұқбек Тумашиновтің сөзінше, ауылшаруашылық саласын дамыту мен шекаралық аудандарда жүйелі жұмыстар атқару маңызды екендігін жеткізді. Айталық, «Ауыл – Ел бесігі», «Жұмыспен қамту Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында бөлініп жатқан қыруар қаржының бей-берекет емес, орынды жұмсалуын қадағалау бақылауға алынуы қажет екендігін алға тартты.

– Депутат болу деген креслоға жайғасып, жайлы орын іздеу емес, тұрғындар мәселесіне құлақ түріп, өз ұстанымыңды көпшілікке таныстыру. Ауызсу мәселесі қашан да өзекті. Бөлінген қаржының дұрыс жұмсалуына орай қазір ауылдардағы ауызсу мәселесі бірқалыпты шешімін тауып келеді. Мұның барлығы жауапты тұлғалардың шынымен де жауапкершілік танытуларының нәтижесі. Жұмысқа жауапкершілік әр адамның өзінен басталуы тиіс, – деді ол.

Осылай деп ойын ортаға салған қатысушылар сұрақ-жауап бөліміне келгенде басқа тараптан сауалдарын қарша боратты бір-бірлеріне. Мәселен Өскемендегі «Шығыс-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Маржан Бахыт Бесқарағай ауданындағы тілдерді оқыту орталығының директоры Айнаш Аменоваға латын әліпбиін енгізудің қарт адамдарға әкелер қиындығы мен пайдасы жөнінде сауал тастады.

– Елімізде тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бар. Бұған зер салсақ, латын әліпбиін қолдау және насихаттау жұмыстары негізгі индикатор болып саналады. Латын әліпбиін ересектерге оқыту кезінде олардың бәлендей қиналмағандарын байқауға болады. Мұндай өз тәжірибемде де кездесті. Бастысы, жаңа әліпбиді үйренемін деп ниет білдіргендің әрбіріне дұрыс әдісін көрсетіп, бағыт бере білсе жеткілікті деп санаймын, – деді Айнаш Әлібекқызы.