Өскеменде «Ramazan Live» Telegram жобасы таныстырылды

443
көрілім

ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында республика бойынша тұңғыш ойлап табылған Telegram Bot таныстырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталған шараға облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек Мұқатай қатысты. Тез арада ақпарат алып, намаз оқу кестесін көруге болатын жоба «Шығыс Ақпарат» медиахолдингінің бастамасымен жасалды. Мамандар айтуынша, негізгі мақсат – мобильді жүйе ретінде ақпарат алуды жеңілдету. Рамазан айы болғандықтан тұрғындар тарапынан түрлі сауалдар түсіп жатады.

– Бұл ел көлемінде тұңғыш қолға алынып, іске асырылған қосымша. Әралуан өзгерістердің болуына қарай халыққа түрлі мәлімет алуды жеңілдету уақыт талабы. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының (әрі қарай ҚМДБ) Мүфтият баспасынан Рамазанға қатысты анықтамалық кітаптар шығады. Десе де оны барлығы бірдей оқи алмайды. Бұл ретте ұялы телефон арқылы оқу біршама қолжетімді. Әзірге бұл Telegram жобасының мәзірі енді-енді толықтырылып келеді. Алдағы уақытта неке қию мен қатым беруді ресімдеу, имамға жолығып жеке сұрақтар қою жағы ойластырылады, – деді Ермек Мұқатай.

Негізгі қадам жасалып, мамандар тарапынан қолдау тапқан жобаны қазір құжат алмасу деңгейіне жеткізу жоспарға қойған. Облысқа қарасты барлық аудандарда қолданысқа енді. Ұйымдастырушылар жобаны әзірлеу үшін бірнеше сағат, мәзірін реттеп, қолданысқа қолайлы болуы үшін бір күн уақыт жұмсалғанын айтты. Дінге қатысты іздеген мәліметтердің кейбірі интернет сайттарында үнемі жазыла бермейтінін ескере келе, дәл осы бастаманы біржақты ету маңызды саналған. Анығы сол, Bot жүктелген соң мәзір шығады, сол жерге бес пункт енгізілген. Сандарды ретімен басып, көкейде жүрген сұрақтарға жауап ала алады.

– Қазір көпшілігінде смартфон, Телеграм сынды мессенджер желілерінде парақша бар. Осы ретте Рамазан айына сәйкес материалдарды осы ботка жүктеп отырмыз. Аталған бот жасау үшін қаражат қажет емес, бар болғаны  2-3 сағаттық жұмыс пен ақпараттық базаның болғаны жеткілікті. Осы орайда ботты жасауда ақпараттық базаны табыстаған «Халифа Алтай» мешітінің өкілдеріне алғысымды білдіремін., – деді «Шығыс Ақпарат» медиахолдингінің SMM департамент басшысы Елжан Қайырханов.

Айта кетерлік, бұл жоба тек Рамазан айы кезінде ғана емес, өзге уақыттарда да қызметін жалғастырады. Интернет нашар тартатын аудан, ауылдарда қосымша жылдамдығы тежелуі мүмкін, десе де мамандар байланыс жағы тұрақты болса тәулік бойы қызмет көрсететіндігін жеткізді.