Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының «Ертіс концерт» үлкен залында өткен шараға облыс басшысы Ермек Көшербаев қатысып, қарапайым еңбек адамдарына наградалар мен Алғыс хаттар табыстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Республика күні қарсаңында өңірде бірқатар танымдық шаралар қолға алынып жатыр. Облыс әкімдігі мен Мәдениет басқармасы тізе қосып, қала тұрғындары мен меймандарды бір ғимаратқа жинады. Алдыңғы қатарларға марапатқа лайық деп танылған жандар жайғасып, аздан соң реттілікпен сахна төріне шақырылды. Жалпы, салтанатты шара шымылдығын Әнұранды бір кісідей шырқаған бүлдіршіндер ашты. Бұдан соң өңір басшысы Ермек Көшербаев құттықтау сөз алып, көпшілікті мерекемен құттықтады.
– 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл елміздің тәуелсіздігіне арналған басты құжат. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Республика күні мерекесі қайта жаңғыртылды. Халықтың қолдауына ие болған тарихи және аса маңызды шешім. Береке мен бірліктің арқасында қазір еліміз қарқынды дамуда. Соңғы жылдары түрлі салада стратегиялық реформалар іске асырылып келеді. Мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталды, – деді облыс әкімі.
Ұйымдастырушылар сөзінше, Президент қоғамдық диалогты нығайтып, еңбек адамдарына жан-жақты қолдауды арттырып келеді. Осы ретте Өскеменнен бастап, өңірдің әр ауданында мамандығы бойынша тер төгіп жүрген азаматтар мен нәзік жандылар еңбегі еленді. Бас-аяғы 37 адам.
Үш адам «Парасат» орденін иеленді: Ольга Кузовлева, Рая Рахимова және Сейлжан Сайлаубаев.
Үш азамат «Құрмет» (Нұрлан Қасымханов, Абылдабек Сақалбаев, Бақытбек Қизатов), бесеуі III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденіне ие болды. 17 адамға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілсе, артынша «Шапағат» медалі мен Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасы табысталды.
Соңында Мұхамедолла Ағзамов, Ұлықбек Есдәулет, Элла Гейгер, Александр Хмелев және Әбдеш Төлеубаевқа «ШҚО-ның құрметті азаматы» атағы берілді. Айта кетейік, Әбдеш Тәшкенұлы биыл шілде айында көз жұмды. Марапат алуға ұлы Мағжан Әбдешұлы келді.
Бұдан соң «Ертіс концерт» ұжымы концерттік нөмірін бастады. «Алтай» халық би ансамблінен бастап, солистер сахнаға беттеді. Белгілі дирижер, Мәдениет саласының үздігі Шалқар Рысхановтың жетекшілігімен Байжігіт атындағы қазақ-ұлт аспаптар оркестрі «Көңілашар» күйін шебер орындады.
«Voice» эстрада-академиялық квартеті де бар өнерін ортаға салып, солистер әуелете ән шырқады.