Өскеменде Президенттік қысқы көпсайыс бойынша ҚР Ұлттық ұланының республикалық чемпионаты өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сайысқа «Шығыс», «Батыс», «Оңтүстік», «Орталық», өңірлік қолбасшылықтарымен қатар 5573 әскери бөлімі, ҰҰ Әскери институының әскерилері мен курсанттары шаңғыдан 10 шақырым қашықтықта, пневматикалық винтовкадан оқ ату, гір тасын көтеру мен белтемірге тартылу сынды спорттың бірнеше түрінен сайысып, өзара үздіктерді анықтады.
Қысқы спартакиада қорытындысы бойынша шаңғы тебуден үздік өнер көрсеткен Ұлттық ұланның Әскери инстиутының құрамасы бірінші орынды иеленсе, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы екінші орыннан көрініп, «Орталық» өңірлік қолбасшылығының спортшылары үшінші орынды місе тұтты.
Сондай-ақ әскери спортшылар гір екісайсынан 68, 73 және 78, 85 келіге дейін, сондай-ақ 85 келіден жоғары салмақта күш сынасты. Спорттың бұл түрінен елордалық 5573 әскери бөлімі бас жүлдеге ие болса, бұл жолы да «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының құрамасы екінші орынды жеңіп алды. Ал, ҰҰ Әскери институының құрамасы үшінші орын алды.
Жеңімпаздар кубоктар мен медальдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
- Сайыстар коронавирустық инфекциялардың таралуына жол бермеу үшін барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып өткізілгенін ескереміз, - дейді сайыс ұйымдастырушылары.