Қыркүйек айының 21-24 аралығында Өскемендегі «Дарын» лагері базасында еліміздің Оқу-ағарту министрлігі республикалық қосымша білім беру ғылыми-әдістемелік орталығы «Бояулар құпиясы» атты республикалық жас суретшілер байқауын өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған шара ШҚО білім басқармасымен бірлесіп қолға алынды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, байқауға облыстық кезеңнің 10-17 жастағы 132 жеңімпазы қатысты. Конкурсқа түскен жұмыстарды ШҚО суретшілер одағының мүшелері, облыстағы жетекші жоғары оқу орындарының оқытушыларынан тұратын қазылар алқасы бағалады.
- Байқау барысында балаларға арналған психологиялық тренинг, кездесу кеші, «Менің Отаным» пленэрі, спорттық эстафеталар, квест, этнопарк пен өнер мұражайына экскурсиялар ұйымдастырылды, - деді жауапты тұлғалар.
Қыркүйект34 23-і күні С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде байқау жеңімпаздары марапатталды. Қатысушыларды салтанатты жабылу рәсімінде республикалық конкурстардың лауреаттары мен шығармашылық ұжымдар құттықтады. Байқауға өңір атынан облыстық кезеңде топ жарған 7 оқушы қатысты.
Қорытындысында, «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің оқушылары Кириченко Ангелина мен Наседкина Софья (екеуі де Өскемен) I, ІІ орынды жеңіп алып, облыс қоржынын екі жүлдемен толтырды.