Аталған орталық облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында жұмысын бастады. Қазақтың ертедегі тұрмыс-тіршілігі, әдет-салтымен өзге ұлт өкілдері де келіп таныса алады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әзірге орталыққа кітапхананың шағындау бір кабинетінен орын берілді. Кітапхана қызметкерлері «бастамасы осы, алда ауқымын кеңейту жоспарда бар» десті. Себебі, кабинеттегі еденде төселген сырмақ пен алаша, төрдегі кереге, нақышын келтіре тоқылған құрақ-көрпелер қолөнер мен өткенді дәріптеудің бір көрінісі еді. Алдымен С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дан келген тарих ғылымдарының кандидаты Гүлжан Сәрсенбаева мен облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Қызырбек Дүргінбайұлы лента қиып, қалған қонақтар рет-ретімен сақтар ғұмырынан сыр шертетін бөлмеге беттеді.
Арнайы мейман ретінде шақырылған мектеп оқушылары текеметке малдас құрып жайғасып, кітапхана қызметкерлерінің түрлі мәліметтерін ықыласпен тыңдады.
- Өздеріңіз байқағандай, этно-мәдени орталықта бір түске басымдық берілген. Оның да астары бар. Себебі, бөлмедегі қоңыр түс табиғат мен Жер ананың түсі. Қазақ қоңыр түске қатысты ертеден түрлі мысалдар айтып келеді. «Қоңыр үн», «қоңыр дауыс» деп бір-бірлеріне ілтипаттарын білдіріп жатады. Әсіресе, бұл домбыра мен қобызға қатысты. Белгілі жазушы Тәкен Әлімқұлов «Телқоңыр» жинағының ішінде «Сарыжайлау» күйінің шығуын осы түспен сипаттайды, - деді оқырмандарға қызмет ету бөлімінің қызметкері Пәншат Қабдолова.
Ұйымдастырушылар қазақ көп дүниені ағаштан жасағандықтан киіз үйдің іші осы қоңыр түспен сабақтасып жатқанын тағы бір айтты. Тіпті ыстық шай құйылатын кесенің өзін қолды күйдірмейтіндей, ықшам әрі келісті етіп әзірленгенін, көшпелі жұрттың асқа келгенде баса мән бергендерін түрлі мысалдармен жеткізді. Айталық, Досмұхамбет Кішібековтің «Қазақ менталитеті» кітабында «Қазақтардың менталитетін еуропалықтардың менталитетіне сыйғызу мүмкін емес. Өйткені олардың жері қандай кең, байтақ болса ерекшеліктері де сондай бай, рухани жағынан өте кең екен» деп жазыпты.
Кітапхана өкілдері «Сақ» этно-мәдени орталығын ашу идеясын осы рухани орда қызметкері Аян Қалымбектің ұсынғанын жеткізді.
- Бұл негізі көп қаржыны талап ететін бастама. Бірақ кітапхана мүмкіндігіне қарай, біртіндеп ашуды жөн көрдік. Орталықта ежелгі сақ дәуірінен бастап, қазіргі уақытқа шейінгі қазақ мәдениеті таныстырылады. Бұл тек қазақ бүлдіршіндеріне ғана емес, басқа ұлттың балалары үшін де дәстүрімізді насихаттайды. Көнерген заттардың қалай пайдаланылғаны, олардың жасалуын өскелең ұрпаққа түсіндірілуін жөн санадық. Орталықта ай сайын кемінде бір шара өткізіліп отырады. Бір күні шеберлер келсе, келесіде тарихшылар, әрі қарай шежірелер және тағы басқаларын шақыру жоспарда бар, - деді көпшілік жұмыстар орталығының бөлім жетекшісі Ақерке Досанова.
Кітапхана қызметкерлері келушілер тарихты жіті түсінулері үшін ауыл-аймақтарды аралап, небір көнерген, құнды бұйымдарды жинастырып әкелген. Алда демеушілер табылып жатса, орталық барлық қазақ жабдықтарымен қамтылып, балалар мен оқушылар үшін қолжетімді болмақ.
Шара соңында барлығы сыртқа шығып, өздерін сақ жауынгерлері сезініп, садақ атып көрді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ