Қалалық әкімдік ғимаратында ұйымдастырылған шарада жалпыға бірдей декларация, мобильді аударымдар, бизнес объектілеріне салық салу, салық заңнамасы тақырыптары сөз етілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиынға жергілікті атқарушы органдар мен БАҚ өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.
ШҚО Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сайранхан Қабышұлының айтуынша, облысқа қарасты төрт ауданда, яғни Самар, Ұлан, Үлкен Нарын және Алтай аудандарында көшпелі семинар өткен.
- Аталған семинардың негізгі мақсаты - заң бұзушылықтар мен құқық бұзушылықтарға жол бермеу. Әсіресе аталған төрт аудандағы туризм саласындағы заң бұзушылықтарды болдырмау басшылыққа алынды. Мәлім болғандай, аталған төрт ауданда орналасқан демалыс орындары қожайындарына түсіндірме жүргізіліп, буклеттер таратылды. Осыларды қорытындылай келе шаһарымызда семинардың жалғасын өткіздік, - деді Сайранхан Қабышұлы.