Өскеменде салынып жатқан №50 мектеп аралас тілді бола ма?

183
көрілім

Осы сұрақ қазір облыс аумағында жиі көтеріліп, ресми мәлімет ұсынылғанға дейін айтылған алып-қашпа әңгімелер легі молайды. Облыстық Драма театрының артында құрылысы жүріп жатқан мектеп көп ата-ананың көңіліне үміт ұялатып отыр. Ендігі сұрақ – ол аралас білім ордасына айнала ма, әлде тек қазақ тілінде оқыта ма? Сайт тілшісі облыстық білім басқармасына сұраухат жіберген еді.

Қалада 46 мыңнан астам оқушы бар

Елуінші мектеп деп жаздық. Оның алдында 49-ы тұр. Соңғысы Ахмер кентінде орын тепкен. Облыстық білім басқармасы өкілдері биыл оқушылар саны бойынша кестемен бөліспеді. Бұған дейін ұсынылған ақпараттарда сол №3, №23, №35, №46, №48, №49 мектептер тізімде көш бастап тұрған болатын. Әлі де солай екен. Бастысы, оқушылар саны артып келеді. Дегенмен ата-аналар атынан наразылық білдірген Рахметхан Жұбанышов есімді тұрғын мұның білім беру кезінде кәдімгідей кедергі болатынын жіпке тізіп айтып берді. Кейін бұл туралы қала әкімі Жақсылық Омар да ресми жиын кезінде айтып, мемлекеттік тілде оқытатын мектептерде оқушы саны тым көп екенін жеткізді. Демек, мұндағы басты қажеттілік – тездетіп білім ошағын құрылыс бастау керек. Бірақ бұл үшін де қолайлы учаске мен тұрғындар тығыздығы ескерілуі тиіс.

Қазір театрдың артында қауырт тірлік жалғасып жатыр. Бірақ оның нақты қазақ мектебі не аралас мектеп болатындығы шегелеп айтылмады әлі. Бұған қатысты қоғам белсенділері мен қалалықтар әралуан пікір білдірді. Желіде де жарыса жазды.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әлібек Тұрсымбетов шаһарда мемлекеттік тілде сөйлейтін бүлдіршіндер де, ересектер де көп екенін ескеріп, қазақ тілінде білім беретін оқу орындарының көп болғанын дұрыс санады. Тағы бірі аралас мектептің көбеюі – түбі идеологияға да теріс әсер ететіндігін шәк келтірмеді.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Шаухинаның сөзінше, шаһардағы мектептердің барлығында 46034 бала оқиды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, қалада:

  • 51 білім беру ұйымы – бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметін жүргізеді;

  • 48-і – мемлекеттік;

  • үшеуі – жекеменшік мектеп.

Өткен жылмен салыстырғанда бала саны 1606-ға көбейген. Оның ішінде:

  • қазақ тілді мектептерде – 889 балаға;

  • орыс тілді мектептерде – 388 балаға;

  • аралас тілде оқытатын мектептерде – 329 балаға арттты.

Қаладағы 51 мектептің:

  • 12-сі – қазақ тілді;

  • 18-і – орыс тілді;

  • 21-і – аралас тілде оқытатын мектептер.

Қанша қаржы бөлінді?

Осы ақпаратқа қарап-ақ театр артындағы құрылыс тәмамдалған соң, көпшілік қажеттілігі қай бағытты көрсетіп тұрғанын аңғаруға болады. Әйтсе де, кей тұрғын Өскеменде өзге ұлт өкілдері бар екенін ескеріп, аралас мектеп болғанына қарсылық білдірмеді. Динара Шаухинаның ақпаратынша, №50 мектеп 2022 жылы салынып басталды. Құрылыстың жобалық құны – 3 млрд 762 млн 800 мың теңге, мердігер – «Service СМУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Сұраухат жауабында анықтама үшін мынадай сөйлемдер жазылды: Құрылыс жұмыстары бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшісі «Облыстық сәулет, құрылыс және қала құрылысы басқармасы» болғандықтан, қанша қаржы бөлінгендігі туралы ақпарат ұсыну облыстық білім басқармасының құзыретіне жатпайды».

– Бұл қазақ тілді мектеп болады деп жоспарлануда. Мектептің жоба қуаттылығы – 599 орын. Қалада №2, №15, №16, №20, №24, №26, №35, №39 және №46 мектебінде оқушылар санының көптігі байқалады, – деді басқарма басшысының орынбасары.

***

Ықтималдық тұрғысынан қазақ тілді мектеп болады жазылды. Аз уақытта осы туралы арнайы брифинг өтіп, шенеуніктер толық мәлімет ұсынады деп сенеміз. Қазақ мектептеріне оқушы сыймай жатыр деп дабыл қағылғалы бірнеше жылдың жүзі болды. Бүлдіршіндер қарбаласып, кабинет іші лық толып отырса, сапалы білімнің берілуі нығайбыл. Не дегенмен дарынды өрендер мектеп қабырғасында жетерлік. Жуықта отандасымыз Қазыбек Нөгербек шахматтан 20 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы атанды. Сондай чемпиондар қалада да, ауылда да өз мүмкіндіктерін күтіп жүргендері сөзсіз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Фотосуретті түсірген – Мерей Қайнарұлы