Өскеменде салынып жатқан мектептерде Аманжолов университетінің түлектері сабақ беруі мүмкін

300
көрілім

С.Аманжолов атындағы ШҚК ректоры Мұхтар Төлегеннің сөзінше, қазір өңірде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 10 білім ошағының құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жоспарға сәйкес, оның жетеуі биыл қолданысқа беріледі. Қалған үшеуінің құрылысы келесі жылы аяқталуы тиіс.
- Университетімізде педагогикалық бағытта білім беру басымдыққа ие. Жоғарыда аталған мектептерді оқытушылармен қамтамасыз ету мақсатында қажетті мамандарды дайындап отырмыз. Кадрларды даярлау мәселесі бойынша бірнеше бағыт бар. Аманжолов университетінде педагогтерді даярлаумен қатар, гуманитарлық, экономикалық бағыттарда қабілетті жастар білім алуда, - деді Мұхтар Әділбекұлы.
Жауапты тұлға сөз арасында республика көлемінде көпсалалы университеттер арасындағы рейтингіге тоқталды.
- Сол рейтингіде біз топ 5 білім ошағына ендік. Нақты айтсақ, 4-ші орындамыз. Атамекен палатасы сандарды сөйлеткен кезде, біздің университеттегі 26 білім беру бағдарламасы ондыққа енді. Жұмыспен қамту жағы 98 пайызды құрады. Студенттер 1-ші курстан бастап іс-тәжірибеден өтіп, алдын ала әзірлік жүргізеді. Ал 3-ші курстан бастап болашақ жұмыс орындарының есігін ашады. Сол жақта тәжірибе жинақтап, диплом алған уақытта дайын маман иесі болып шығады. Қаламызда ірі-ірі кәсіпорындар бар. Титан-магний комбинаты, Үлбі металлургиялық зауыты, Қазцинк, KazMinerals, Ұлттық ядро орталығы және тағы басқасымен тығыз байланыстамыз, - деді ректор.