Облыс орталығында қала тұрғындары мен қонақтарына арналған демалыс орнының ашылу рәсімі өтті. Шараға облыс басшысы Даниал Ахметов те қатысты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Саябақтың негізгі жөндеу жұмыстары аяқталып қойған. Алайда аймақ басшысы қала әкімдігімен бірге демалыс орнына тексеріс жүргізіп, аралап шықты .
- Бұл жер бұрыңғыдан әлдеқайда өзгерген. Болашақта өскемендіктер Бұқтырмаға, Алакөлге емес осында ағылады деп сенемін. Өйткені әлі де абаттандыру жүргізіп, көркейте береміз, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Сондай-ақ, саябақта жүгіру алаңдары, скейтборд тебуге арналған алаңдар, баскетбол, футбол сияқты салауатты өмір салтын серік ететін спортпен айналысу жерлері де толық жөнделді.
- Біз спортпен айналысу керек дегеннен ештеңе шықпайды. Ол үшін арнайы орындар дайындау қажет. Сонда ғана құлшыныс туады, - деп атап өтті өңір басшысы.
Айта кетейік, саябақта суға шомылуға арналған жағажай да қарастырылған.