Облыс орталығындағы пәтерлердің бірінде жөндеу жұмыстарын жүргізген ер адам үй иесімен сөзге келмей қалады. Сол кезде қолына балға алған еркек пәтер иесінің басынан ұрып жібереді. Оның жасаған соққысының қаттылығы сонша, балға әйел адамның бас сүйегіне қадалып қалған. Бұл жайлы ШҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған іс материалдарында белгілі болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
43 жастағы өскемендік азамат аралас-құралас болып жүрген әйелдің қал-жағдайын сұрау үшін туысының телефонын алып қоңырау шалады. Әңгіме барысында әйел еркектен үйіне келіп санитарлық техниканы жөндеп беруін сұрайды. Олай сұрауына да негіз бар, себебі сантехник болып жұмыс істейтін бұл азамат кезінде оның үйінде жөндеу жұмыстарын жүргізген болатын. Ер адамның еңбегін жоғары бағалаған әйел онымен жақынырақ танысып, ара-тұра жолығып та жүретін еді.
… Шақырған жерге келіп, санитарлық техниканы жөндеп біткен еркекке үй иесі ішімдік ішуді ұсынған. Жұмысшы бұл ұсыныстан бас тартпайды. Алдарындағы ащы судан ұрттап алғаннан кейін әйел «қонағына» өзінің таныс жұмысшысы қарызын қайтармай жүргендігін айтып, шағымдана бастайды. Сантехник болса «Бұл маған айтатын шаруа емес» деп бірден тыңдағысы келмейтінін жеткізген. Ер адамның сот отырысындағы сөзіне сенсек, сол кезде үй иесі оның намысына тиетін сөздер айтып, қорлайды. Сондай-ақ, ол кикілжіңді ушықтырмай, үйден шығып кетпекші болады, бірақ ішімдіктің буына масайған әйел оны жайына қоймаған көрінеді.
Шыдамы таусылған еркек дәлізде жатқан балғаны алып, бар күшімен әйелдің басынан ұрып жібереді. Жәбірленуші тиген соққыдан есінен танып, еденге құлап түседі. Сантехник еш ойланбастан әйелдің шекесінен балғамен тағы да ұрған. Ақырғы соққысының қатты болғаны соншалық, балға әйелдің бас сүйегіне өтіп, қадалып қалады. Ер адам мәйітті жатын бөлмеге апарып, киім үтіктеуге арналған тақтайшаның астына жатқызған. Мұнымен қоймай ол үй ішін тінтіп, тауып алған 45 мың теңге мен үй иесінің ұялы телефонын қалтасына басып, қашып кетеді. Біраздан кейін «Полицейлер менің қайда екенімді осы телефон арқылы тауып алуы ықтимал» деп ойлаған ол телефонды сындырып, лақтырып жіберген.
Бірнеше күннен кейін қайтыс болған әйелдің денесін анасы көреді. Ол бірден сол жерге құқық қорғау органының қызметкерлерін шақырған. Тәртіп сақшылары қылмыстық іс жүргізіп, қайтыс болған әйелдің нөміріне шалынған соңғы қоңырлаулар тізімін тексереді. Анықтау арқылы сантехниктің туысқанының байланыс нөмірі табылған. Оған хабарласып көрген полицейлер марқұмның үйіне келген соңғы қонақтың кім екендігін анықтайды. Полиция қызметкерлері қылмыскерді Глубокое ауданындағы жер үйлердің бірінен ұстайды.
Осыған байланысты сот ісі Шығыс Қазақстан облысы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот айыпталушыны адам өлтіргені және ұрлық жасағаны үшін 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.