Өскеменде саяжай тонап жүрген ұры ұсталды

476
көрілім
Шартты фотосурет

Өскемен қалалық Полиция басқармасы Солжағалау полиция бөлімінің «102» жедел арнасына қала тұрғыны жүгініп, заттарының ұрланғандығына шағымданды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 жастағы қала тұрғыны қыс мезгілінде белгісіз біреу саяжай терезесін ашып алып, спорттық велосипед, шатыр (палатка), сондай-ақ көрпе қабын (спальный мешок) ұрлап кеткенін жеткізген. Материалдық шығын 90 000 теңгені құрады.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде қылмыстық полиция қызметкерлері 25 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, ұрланған зат толығымен тәркіленді.

- Тергеу барысында күдіктінің 7 саяжай ұрлығын жасағандығы дәлелденіп, олар бойынша заттай дәлелдемелер алынады. Ұрланған заттардың 15-тен астамы тәркіленді, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Қазіргі уақытта дәлелдемелік базаны жинауға және күдіктінің осыған ұқсас ашылмаған қылмыстарға қатыстылығын анықтауға бағытталған қажетті жедел-тергеу амалдары жүргізілуде.

Қаскөй 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігіне (ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.