Өскемен қаласындағы сайлау учаскелерінде тұрғындарға бір тоннаға жуық бауырсақ таратылды.
Дауыс беру учаскелерінің мүшелері өскемендік сайлаушыларды жылы қарсы алып жатыр. Оларға таңертеңнен бір тоннаға жуық бауырсақ таратылды. Сондай-ақ учаскелерде қазақ ұлттық тағамдары қойылған дастархан жайылды.
«Сайлау учаскесіне келгенімде осындай тосынсый күтіп тұр екен. Бауырсақтан дәм таттық. Дәмі тіл үйіреді. Содан соң дауыс беріп, өз таңдауымызды жасадық» – дейді Әсел есімді қала тұрғыны.
Катонқарағай ауданындағы учаскелерде де сайлаушыларды ыстық шай мен жылы бауырсақпен қарсы алды. Үлкен Нарын ауылының кәсіпкері Айтжамал Нұрпейісова жерлестеріне өз өнімдерін ұсынды.
«Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Барлық дауыс берушілерді жылы қарсы алуда. Сол үшін рахмет! Республикамыз өркендеп, ел жастары өсе берсін! Мен Қазақстанымыздың жарқын ертеңіне сенемін!» - деді жергілікті тұрғын Гүлнази Амангулова.