Өскеменде сәбилі болған нәзік жандыларды арнайы құттықтады

435
көрілім
Фотосурет автордікі

Облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат комиссиясының ұжымы «Шаңырақ» күніне орай Ана мен бала орталығына барып, нәрестелі болған тұрғындарға құттықтауларын жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталған орталықтағы босану бөлімінде мүлгіген тыныштық. Кішкентайлы болғандар тынығып, ақ халаттылар уақ-уақ барып жағдайларын біліп жүр. Жауапты тұлғалар Наурыз мейрамы қарсаңында болған қуанышты жайттың куәсі атанып, аналарға зор денсаулық тіледі. Қалалық мәслихат депутаты Анжела Горностаеваның сөзінше, аналарға ақ жарма тілектерін білдіре отырып, өздері де бойларына қуат алып үлгерді. Комиссия жұмысының мақсаты сол, отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау және аналар мен балаларға қолдау көрсету. Осы ретте алдымен Күршім ауданының тумасы Жансая Егінбаевамен жүздесті. Бұл төртінші баласы. Бұған дейінгілері екі ұл мен бір қыз. Жуықта өмірге келгені ұл бала.

– Наурыз айының 13-і күні төртінші балама босандым. Өзім жеке кәсіпкермін. Босану барысы жеңіл өтті. Сәбиімнің есімін әкесі екеуіміз ақылдасып әрі Рамазан айында дүниеге келгендіктен, Сұлтан деп қойдық, – деді Жансая Қуанышқызы.

Бұдан соң Ахмер кентінде тұратын Жадыра Құмарханованың хал-жағдайын білді. Өзінің айтуынша, мұндай құттықтау болады деп күтпеді. Перзентханаға келгелі дәрігерлер тарапынан тиісті көмек дер кезінде көрсетілді. «Барлығы білікті мамандар» десті.

– Бұл төртінші балам. Есімін Айым деп қойдық. Әпкесі Ләйлім, соған ұқсас болсын дедік. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Тексерістер жүргізіліп, ем-дом жасағанның нәтижесінде денсаулығым тәуір. Айымның салмағы 3,208 келі болды. Бүгінде 200 граммы түсіп, үш келі тартады, – деді тұрғын.

Облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат комиссиясының мүшесі Аяужан Әшімованың айтуынша, осы арқылы дүниеге келіп жатқан әр нәресте үшін қуаныштарын жеткізуге тамаша мүмкіндік туындады.

– Комиссия мүшелері Наурыз мейрамын атап өтудің жаңа тұжырымдамасына сәйкес, 10 күн бойы түрлі шараға белсене қатысып жүрміз. Мұндай бастама тек қала көлемінде емес, аудандар деңгейінде де жалғасып жатыр. «Шаңырақ» күні қарсаңында бөбек сүйген әр отбасыға тек бақыт тілейміз. Жанұядағы құндылықтар қашан да маңызды, – деді Аяужан Тұрсынбекқызы.

Әділхан ЕСІМХАНОВ