Өскеменде шағын футболдан қос лиганың үздіктері анықталды

442
көрілім

Облыс орталығында өткен жылдың қараша айында басталған шағын футболдан әуесқой командалар арасында XIII облыс және қала Біріншілігінде үздік ұжымдар белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әзірге 2-ші және 3-ші лигада оза шауып, бабы келіскен командалар анықталды. Өткен демалыста 3-ші лиганың соңғы ойындарының бірі, «Импульс» және «ДЮСШ Алтай-2» ұжымдары арасында тартысты кездесу өрбіді. Дегенмен турнир кестесінің бірінші сатысына жайғасқан импульстықтар шабуылда да, қорғаныста да жинақылық танытып, жүйелі шабуылдар ұйымдастырумен болды. Нәтижесінде «Импульс» ұжымы 5:1 есебімен жеңіске жетіп, 20 ойында 55 ұпайға қол жеткізді. Одан кейін 2-ші лиганың соңғы ойындары өтті.

Бір айта кетерлігі, 51 ұпай жинаған «Қойтас» футболшылары 1-ші лигаға жолдама алып қойған болатын. Ал Шемонаиха ауданының «Жұлдыз», семейлік «Тұлпар» және жергілікті «Каспий» командалары жоғары орындардан соңғы матчтарға дейін дәмелі болғандары рас. Сөйтіп, соңғы ойында өскемендік «Каспий» командасы мен семейлік «Тұлпар» ұжымдары жолығып, тұлпарлықтардың асығы алшысынан түсті. Нәтижесінде 1-ші және 2-ші лигаларға жолдама алған командалар есімі де белгілі болды.

Атап айтсақ, маусым соңында жинаған ұпайларына қарай «Импульс» (55 ұпай) және «Номад-Жарма» (51 ұпай) командалары келесі маусымнан бастап 2-ші, ал «Қойтас» (51 ұпай) пен «Тұлпар» (51 ұпай) ойыншылары 1-ші лигада бақ сынайды. Десе де бұдан да қызықты жайт бар. Қысқы маусымның екінші айналымында ғана «Шығыс Ақпарат» командасының жейдесін киген Мұрагер Бердібек қарсылас қақпасына 47 доп соғып, 3-ші лиганың «Үздік сұрмергені» аталымын иеленді. Ал бұдан бір лига жоғары командалар арасында маусым көлемінде салған доптары ескеріле келе, қойтастық Еркебұлан Еріков 45 голдың авторы да дәл осы аталымға лайық шықты. Енді рет-ретімен тоқталайық.

Облыстық футбол қауымдастығының ұйымдастыру комитеті жылдағы дәстүрмен үздік ойын өрнегін көрсеткен футболшыларды арнайы марапаттауды жөн көрген. Бұл ретте 3-ші лига командалары арасында «Импульс» сапынан Ринат Галеев (Үздік қорғаушы), «Номад Жарма» командасындағы Сымбат Қажанов (Үздік шабуылшы), сондай-ақ «Шығыс Ақпарат» құрамындағы Әділхан Есімханов (Үздік қақпашы) аталымына лайық шықты. Бір айта кетерлігі, кілең журналистерден құралған шығысақпараттықтар 2-ші лигаға жолдама алу үшін алдағы уақытта шешуші ойын өткізетін болады.

Ал 2-ші лига командалары арасында жоғарыда айтып өткен тұлпарлықтар «Каспий» командасын 10:6 есебімен ұтты. Бұл жерде «Тұлпар» сапынан Ерлан Иманқұлов (Үздік шабуылшы), «Қойтас» ұжымындағы Дархан Әлімбек (Үздік қорғаушы), сонымен қатар «Каспий» командасынан Александр Шимин (Үздік қақпашы) деп танылды. Мұнда да каспийлықтар 1-ші лигаға жолдама иелену үшін шешуші ойын өткізбек.

Бұдан бөлек, өзге лигаларда да үздіктер есімдері анықталуға жақын. ШҚО футбол қауымдастығының атқарушы директоры Оралбек Адылхановтың айтуынша, алдағы аптада 1-ші және жоғарғы лига ойындары өз мәресіне жетеді. Оған қоса облыс Кубогінің басталуына да аз қалды. Ол жерде қатысушы командаларға шектеу жоқ.

– Барлық командалар сәуір айының ортасына дейін үзіліс алып, содан кейін жазғы маусымның алғашқы сайыстары басталады. Атап айтсақ, футболдан және шағын футболдан облыс Біріншілігі жалауын көтереді, – дейді Оралбек Адылханов.

Әділхан ЕСІМХАНОВ