Аталған спектакльді Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының өнерпаздары көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО драма театры мен павлодарлық өнерпаздар өзара достық рәуішті бұған дейін де қалыптастырып үлгерген. Оны қойылым басталарда кіріспе сөз алған облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов атап өтті. Оның сөзінше, Керекуден ат арытып жеткен актерлер сонау егемендік алған жылдардан бері республика көлемінде тамаша туындыларды жетеріне жеткізе сахналаған.
– Павлодарлық әріптестер Өскеменге ат шалдырса, ШҚО драма театрының әртістері керісінше, Керекуде өнерлерін паш етуде. Осындай шығармашылық тәжірибе алмасу еш артықтық етпейді. Әр аймақтың актерлері осылай жиірек келіп тұрса, онда шығармаға баға берер халықпен де жақындаса түсеміз. Себебі, әр қойылымның әділ сыншысы – ол театр меймандары, – деді басқарма басшысы.
Павлодар облыстық драма театрының директоры Арман Темірбекұлының сөзінше, араға бес жыл салып, Өскеменге қайта келіп отыр. Достық қылын жалғай түсуге мүмкіндік берген облыс әкімдігі мен Нұрболат Ахметжановқа алғысын білдіріп, мәдени орданың алауын бірлесе жағып тұруға шақырды.
Сүт пісірім уақыттан соң ақын, жазушы, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» аталатын әфсанаға толы шығармасы сахналанды. Ерекшелігі сол, сахнада бір мезетте он беске жуық әртіс бір уақытта өнер көрсетті. Тіпті бір сағаттан асқан қойылым барысында барлығы сюжет желісін ықшам, тартымды етіп жеткізе білді. Шай қайнатым уақыт кешігіп кіріп жатқан көрермен қауым көп бөгелместен қойылым астарын ұғына бастады. Күтпеген жерден театр залының алдыңғы қатарында отырған жандардың павлодарлық театр өнерпаздары екені тапқырлықпен берілді. Шығарма желісі шиеленісе бастағанда олар да ой білдіріп, қоғам мәселесін қамтып өтті.
Әсіресе, спектакльдің бел ортасынан аса бере алдымен әділеттіліктің, сосын жауапкершілік, соңында үміттің адам санасынан өшіп қалуы көрермен жүзіне күлкі үйіріп, соңында терең ойға тартып әкетті.
Иә, Шәкәрім шығармалары кез келген адамды өзінің өткені мен бүгінін саралуға шақыруы мүмкін. Дегенмен Павлодардан келген ұжым сахнадағы актер санының көп болғанына қарай, диалогтарды жылдам әрі оралымды етіп жеткізді. Қонақтар ғұламаның 165 жылдық мерейтойы қарсаңында тамаша әсер алып қайтқандары сөзсіз.
Әділхан ЕСІМХАНОВ