6 шілде күні ШҚО Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен облыстық филармонияның үлкен залында «Шексіз шығармашылық» атты фестиваль өтеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ауқымды іс-шара облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылмақ. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жас және ересек таланттар қатысқан осындай алғашқы қалалық шара биыл 10-шы маусым күні Шығыс Қазақстан өнер мұражайында өтті. Жалпы, бұған мүмкіндігі шектеулі кез-келген адам қатыса алды.
Сондай-ақ фестиваль аясында концерттік бағдарлама, суретшілер мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі өтеді. Оған облыстың әр түкпірінен 40-тан астам автор қатысады. Фестивальге келген қала жұрты сәндік-қолданбалы өнердің, кескіндеме мен графиканың түрлі техникаларында орындалған 200-ден астам жұмысты тамашалай алады.
Концерттік бағдарламада ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Александр Галсановтың жетекшілігімен ШҚО әкімінің симфониялық оркестрі, ШҚО филармониясының «Әлем сазы» вокалды-аспаптар ансамблі мен солистері, саңыраулар қоғамының құрметті мүшесі – Алексей Никулин, Қазақстандық саңыраулар қоғамының еңбек сіңірген әртісі, Минск қаласы «Сузорье» халықаралық фестивалінің гран-при иегері, «St.Art» қорының негізін қалаушы Станислав Цих, Өскемен қаласының «Арман» Мәдениет үйі мен Қасым Қайсенов кентінің «Дарын» мәдениет үйінің тәрбиеленушілері және Тарбағатай, Зайсан ауданының қатысушылары өнер көрсетеді.
Фестивальге кіру – тегін.