Өскеменде соқтығыс салдарынан Үлбі өзеніне түсіп кеткен көлік иесіне қатысты сот ісі соңына жетті

929
көрілім
15 наурызда Өскемен қаласындағы Спорт сарайы ауданында жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан көліктердің бірі Үлбіге құлап кеткен болатын. Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында аталған іске қатысты сот ісі соңына жетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Соқтығыс салдарынан «Тойота» қоршаудан асып түсіп, өзенге күмп берген. ШҚО ТЖД баспасөз қызметі сол уақытта өзендегі джиптен жүргізушінің өзі шыққанын хабарлаған болатын. Өскемен қаласының ІІБ сол тұста джиптің жолдың қарама қарсы бетіне шығып кетіп, қарсы келе жатқан «Ауди-80» көлігіне соқтығысқанын, осы себепті қоршау асып, өзенге ауып түскенін хабарлаған еді.

10 сәуірде Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында аталған іске қатысты сот ісі аяқталды.

«Тойота» иесі «мұздан тайғанап кеттім де, ұшып кеттім. Менің кінәм жоқ. Қалай мен суға түстім, бірден грейдер келіп сол жерді тазалады» деп уәж білдірді. Іс жан-жақты зерттелді. Нәтижесінде, жауапкерге 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Айыппұлы 30 пайызға қысқарып, ол 15883 теңге төлеуге міндеттелді, – дейді Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Сайран Ибраев.

Мейрамбек Қосажан

Фотосуреттер әлеуметтік желіден алынды