Өскеменде сыбайлас жемқорлық күніне орай мұз фестивалі өтті

409
көрілім

Б.Александров атындағы спорт сарайында балғын мәнерлеп сырғанаушылардың қатысуымен мейірімділік фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі, «Звездный» клубы және «Шығыс-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі тізе қосып қолға алған шара биыл тұңғыш рет ұйымдастырылды. Мұз айдынына рет-ретімен беттеп шыққан 35 қатысушының дені 5-6 жас аралығында. «Шығыс-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Елена Березинская-Абилованың айтуынша, өз өнерлерін ортаға салған қыздар әзірлеп әкелген қойылымдар мен бағдарламалары арқылы адалдық пен имандылықты көрсетеді. Олардың ішінде түрлі ертегі кейіпкерлері, қиялы жүйрік талантты қатысушылар да бар. 


 – Қазірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек зұлымдық жасау мен парақорлықтың алдын алумен ғана емес, әр адам әділдікті ту етсе де өнімді болмақ, – дейді Елена Березинская -Абилова. – Қаншама мемлекеттің тарихы әріде жатса да, жемқорлықты жоя алмай келеді. Сондықтан балаларымызға осы беттен адалдық деген қасиеттің алысқа апаратынын жеткізе беруге тиіспіз.


Жауапты тұлға осындай игі бастаманы қолдап, балаларына дұрыс тәрбие беріп келе жатқан ата-аналарға да ерекше алғысын жеткізді. Себебі спорт сарайына келіп, қолдау білдіргендер саны да едәуір еді. Баршасы да бауыр еті баласының «дайындап әкелген бағдарламалары сәтті шықса екен» деген тілеулестік білдіріп отырды. 
Сондай-ақ шара барысында сөз алған қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмас Атаев аталған фестивальдің дәстүрлі сайысқа айналып, балғын қатысушылардың алдағы уақытта ірі сайыстарда ел намысын қорғайтындығына сенім білдірді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ