Өскеменде тағы бір «Парасат жолы» орталығы ашылды

2705
көрілім

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да өткен салтанатты шараға білім ошағының ректоры Жасұлан Шаймарданов пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі ШҚО бойынша Департаментінің басшысы Ерлан Жалмағамбет қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталған шара өңірдегі іргелі оқу орындарының бірінің кітапханасында өтті. Естеріңізге сала кетейік, «Парасатты жол» орталығы бұған дейін А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханасында жұмысын бастаған болатын. Енді оқу орындары арасында алғаш болып ШҚТУ-да ашылды. Университет ректоры Жасұлан Шаймардановтың сөзінше, кітапханада қарбалас жұмыспен қатарласа студенттер мен қонақтар үшін өзге де қолайлы жағдайлар қарастырылған. Соның бірі электронды каталог.

– Қандай да бір тақырып төңірегінде мәлімет іздесе студент пе, оқытушы ма, осы жерге келіп өз бетінше қажет оқулық пен әдістемелік құралдарды таба алады. Санитарлық талап ескеріліп, каталогтар арасындағы арақашықтық та сақталған. Одан бөлек, шет тілінен аударылған 100 кітап та осы сөрелерден орын алды, – деді ол.

Көрер көзге байқалғаны, «Парасат жолы» орталығына жетпей, университет басшылығының аз уақыт ішінде біршама шаруаны біржақты етіп, дизайндік тұрғыда да мән беріп, оқырман ыңғайы үшін тың дүниелер енгізген. Иә мұның барлығы іргедегі індет кеулеп тұрған шақта қолға алынды. Өңірлік және республикалық газет-журналдар да тартпаларда реттілікпен орналасқан. Бұдан соң жауапты тұлғалар орталықтың ашылу рәсімінде облыс көлемінде сыбайлас жемқорлықты бөгеу үшін жан-жақты жұмыстың қолға алынуын талқыға салып, ұдайы қоян-қолтық жұмыс істеу жалғасатындығын жеткізді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі мамандарының сөзінше, салтанатты шара алдағы уақытта С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да өтуі кәдік. Осындай орталық облыс орталығында ғана емес, әрі қарай аудандар мен ауылдарда да ашылмақ.

Қоғам дертіне баланған жемқорлықтың соңы неге әкелетіндігі жөнінде оқиғалар мен мәліметтер әдеби шығармаларда да жиі кездеседі. Осы орайда, орталықтың сол қапталындағы сөреге хакім Абай мен Шәкәрімнің еңбектері, Сәкен Сейфуллиннің шығармалары қойылған. Кітаптар мен әдістемелік оқулықтардан бөлек, ШҚТУ кітапханасында өз бетінше ізденген студенттер үшін жұмыс үстелдері мен шахмат ойнайтын орындар да қарастырылыпты.

– Өз тарапымыздан қай уақытта болсын, қолұшын беруге әзірміз. Сыбайлас жемқорлықтың жолын жабу жөнінде департамент базасында түрлі кітапшалар бар, олардыңдың да осы кітапханаға жеткізілгені жөн болар.Бір айта кетерлігі, мұнда аз уақытта ауқымды жұмыстар атқарылған екен. Оған қоса, студенттер де қоғамдық жұмыстарға белсене араласуда. Аға буынның адал әрекеттері өскелең ұрпақтың бағыттарынан ауытқымауына негіз болмақ, – деді Ерлан Нағашбайұлы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаментінің Превенция және парасаттылық басқармасының бас маманы Мейіргүл Сахариеваның сөзінше, орталық ашу идеясын ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева ұсынған. Содан бастап орталық республика көлемінде әр аймақта ашыла бастады.