Қалалықтар арасында «Котлован» атымен белгілі жағалау шомылуға қолайлы етіп жабдықталады деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Көптің назарын аударып үлгерген ақпаратты аймақ басшысы Ермек Көшербаев мәлімдеді. Оның сөзінше, «Буревестник» саяжай бірлестігінің аумағындағы жағажай тектес демалыс орны тұрғындар арасында танымал болғанына қарамастан, жағалауда ондаған жылдар жаңарту жұмыстары жүргізілмеген.
Аталған орын осыдан бірнеше жыл бұрын қаладағы өркениетті жағажайлардың бірі еді. Дәретхана, қоқыс орны, демалуға арналған орындықтар сияқты қызмет көрсету түрлерінің бәрі болған.
— Бірақ «Котлованға» қарайтын кәсіпкер белгілі бір себептермен жұмысын тоқтатқан-ды. Қазір саяжай бірлестігінің аумағындағы шұңқырларда қиыршық тас өндіріледі, бұл жерде шомылуға тыйым салынған. Судың түбі тексерілмеген, арнайы құрылған құтқарушылар жасағы жоқ. Урналардың болмауына байланысты жағалау қоқысқа лық толы, — деді облыс әкімінің баспасөз қызметіндегілер.
Қала тұрғындары да «Котлован» жағалауы шомылуға ең қолайлы жер екенін атап өтті. Ал Ертістің суы суық, адамды тез-ақ тоңдырады десті. Осы мәселеге жергілікті билік назар аударғанына дән риза.
— Күні кеше «Котлованға» арнайылап бардым. Жағалауда жүрген халықтың қарасы көп, бірақ жағдай жасалмаған. Жолы нашар, толған қоқыс, дәретханасы жоқ, қауіпсіздік үшін қойылатын белгілері көрінбейді, сондай-ақ құтқарушылар да жоқ. Шомылу маусымы біткенше адамдар қауіпсіз жерде демалуы үшін осы мәселелердің барлығын тез арада шешу керек. Мамандар су сынамаларын алады, сонымен қатар түбіндегі рельефті зерттеу қажет. Тұрғындар жазда бойы жиі баратын жердің инфрақұрылымы реттелуі тиіс, — деді Ермек Көшербаев.
Облыс әкімінің айтуынша, осындай демалыс аймақтарын ұйымдастыруда тәжірибесі бар жағалау кешенінің мамандары тартылатын болады. Жағажай полиция кезекшілігі туралы уағдаластыққа қол қойылды, сондай-ақ енді өзен турларын ұйымдастыру мәселесі қаралмақ.