Бүгін Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада облыстық қолөнер байқауында үздік шыққандар марапатталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға 40-тан астам бас киім түскен. Өскемен, Риддер қалаларынан, Ұлан, Зайсан, Тарбағатай, Жарма және тағы басқа аудандардың қолөнер шеберлері қатысты.
– Бұл байқау туралы осы кітапханаға "Зайсанның жайсаң палуандары" деген кітапты өткізуге келген әпкем Сәруардан естідім. Тақияларымның бірі бисермен әшекейлеп тігілді, екіншісі күнделікті киюге арналған. Қолымдағы Абай тақиясын бір сағатта тіктім, қиынға соқпады. Ал той тақиясына бір апта уақыт жұмсадым. Ұлттық мейрам қарсаңындағы тамаша шара болды, – деді Зайсан ауданынан келген Гүлжауар Сәбитова.
Бірі бірегей байқау үшін түрлі компазициялар мен ғаламтор беттерін ақтарып, ізденіске түссе, бірі аз уақытта тәмамдаған. Қазылар алқасының төрағасы, ардагер журналист Айтмұхамбет Қасымовтың айтуынша, кей қатысушылар дайын тақияларды да ұсынған.
– Бірнеше бағыт ескерілді. Кәсіби тігіншілер де жүлдеден үмітті болды, сондықтан біз әуесқой шеберлер тіккен 34 тақияны іріктедік. Қандай матадан тігілгені, астарында не жатқанына үңілдік. Өтінімдер түскенде әр тақияға тек нөмірлер жазылды, сол себепті барынша әділ өтуін басшылыққа алдық, – деді Айтмұхамбет Қасымұлы.
Сонымен облыста тұңғыш өткен шара қорытындысында Гүлжауар Сәбитова үшінші (100 мың) орынға ие болды.
Екінші орын Алтын Әдиге (150 мың), бірінші орын Мира Солтаеваға (200 мың), ал бас жүлде Гүлбақыт Шәріпке (300 мың теңге) бұйырды.