Биыл ҚМДБ-ның жанынан «Тауаф» атты қажылық компаниясы құрылған болатын. Жақында ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігі өңірге қарасты аудандық, қалалық мешіттерде «Тауаф» қажылық компаниясының таныстырылымын өткізді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі
ШҚО Дін істері басқармасынан облыстық «Халифа Алтай» мешітіне «Тауаф» қажылық компаниясын насихаттау, биылғы қажылықты ұйымдастыру туралы тапсырма берілді. Осы тапсырма аясында ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігі өңірге қарасты аудандық, қалалық мешіттерде «Тауаф» қажылық компаниясының таныстырылымын өткізді.
«Халифа Алтай» мешітінде өткен шарада ҚМДБ Өскемен аймағы өкіл имамы Ермек қажы Мұқатай жиналған халыққа қажылық парызы туралы тағы бір мәрте айта кетті.
– Діни басқарма қажылық рәсімін жүйеге түсіру мақсатында биыл «Тауаф» қажылық компаниясын құрды. Қажылық құлшылық рәсім. Бұл іспен Діни басқарманың айналысу өте дұрыс бастама деп ойлаймын. Қажылыққа барғысы келген жамағаттарымыз осы компанияны таңдаса құба-құп болар еді, — деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, іс—шара барысында осы компания туралы парақшалар таратылып, бейнеролик көрсетілді.