Өскеменде «Тіл шебері» байқауы өтті

401
көрілім

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада «Тіл шебері» байқауы ұйымдастырылды. Байқау Қазақстан халқының тілдері күніне және Мұзтау мұзбалағы атанған жазушының 80 жылдық мерейтойына арналып отыр.

«Тіл шебері» байқауының мақсаты – Қазақстан Республикасында тіл саясатын жүзеге асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында үш тілді еркін меңгерген жастарды қолдау. Бірнеше мектептен келген 9-11 сынып оқушылары үш кезеңде өз өнерлері мен білімдерін ортаға салды.

«Елтаным» деп аталатын бірінші кезеңінде Оралхан Бөкей шығармалары бойынша сұрақтарға қазақ тілінде жауап берді. Ал екінші «Өнертаным» кезеңінде ағылшын тілінде өлең оқып, ән айтты. «Сөзтаным» атты үшінші кезеңде олар еліміздің танымал тұлғалары, қазақ әдебиеті, салт-дәстүрі, туған жер тарихы және табиғаты бойынша ұсынылған фотосуреттер аясындағы сұрақтарға орыс тілінде жауап берді.

Байқау қорытындысына сәйкес, Дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-лицей-интернатының 11б сынып оқушысы Нұрболқызы Ақжүрек 1-орынды жеңіп алды. Ал сол мектептің 10б сынып оқушысы Еркін Таңнұр 2-орынға жайғасты. Қуатқызы Жанбота мен Акимбаева Амина 3 орынды иеленді. Екеуі де Дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-лицей-интернатының 10б сынып оқушылары.