Өскеменде толассыз жауған қар тұрғындарға қиындық туғызуда

366
көрілім

19 ақпан күні кешқұрым жауа бастаған қар өңір тұрғындарын біраз әбігерге салды. Бүгін таңертең қалың қар салдарынан трамвайлар да жүрмей қалған, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

- Таңертең сағат 8.00-де Прохладный көшесінен жұмысқа шықтым. Назарбаев көшесіндегі трамвай жолдарын толығымен қар басып қалыпты, - дейді қала тұрғыны Айнагүл Асқарова.

Бүгін қоғамдық көліктерде де тұрғындар қарасы күндегіден көп. Себебі жүргізушілердің көпшілігі қолайсыз ауа райында көлікпен шыққанды жөн көрмеген сыңайлы.

«Жаңа Согра» КМК ақпараты бойынша, таңғы сағат 4.00-де 60 техника көшелерді қардан тазартуға шыққан. Барлық жолдардың қары күрелсе де, тротуарлар тазаланып үлгермей жатыр.

Әсіресе жеке сектор тұрғындары қиын жағдайда қалған. Себебі мектепте сабақ тоқтатылуына байланысты мәлімдеме жасалмағандықтан ата-аналар қалың қар салдарынан балаларын мектепке жібере алмай отыр.