Өскеменде «Толғақ» қойылымы сахналанды

1619
көрілім

Облыстық драма театрында өткен спектакльде көрермендер комедия мен трагедия қатар шапқан әралуан психологиялық көріністердің куәсі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жарқын образдарды алма-кезек жарыса сомдаған тоғыз актердің талантына куә болмас бұрын кеш арқалаған жауапкершілік жүгі көпке таныстырылды. Қазақ драма театрының ұжымы алдымен облыстан асып, республикаға есімі жеткен танымал актер әрі режисер, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Рүстем Есдәулетов бейнесін жұртшылық алдына қайта әкелді. Осыдан 12 жыл бұрын келместің кемесіне мінген арда өнерпаздың құрметіне бейсенбінің кешінде «Рухы биік Рүстем» деп еске алды. Зайсандық режиссердің өмірі мен шығармашылығына арнап деректі фильм ұсынылған соң «Толғақ» туындысының тиегі ағытылды. Қазақ әйелдеріне тән парасаттылық пен қамқорлық қасиеттері апаның рөлін сомадаған Сайраш Қопабаеваның әр сөзі мен қылығынан байқалды. Оқиға картинасы Ыстықкөл жағалауында, сұңқылдаған құс үні құлақ құрышын қандырар балықшы ауылындағы түрлі тағдырларды суреттейді. Негізі басты рөл, алайда орта жастың ары жақ, бері жағын толтырған нәзік жандылардың қарбалас диалогынан екінші планға ойысқан Меркүлдің қилы өмірі көрермендерді түрлі ойдың жетегіне сүйреді. Күйеуінен қайран болмайтынын топшылап, бөбек күтіп жүрген Меркүл күдер үзіп, басы ауған жаққа кетеді. Толғағы уақ-уақ белгі берген сәтте алдынан шыққан апа жанашырлығын танытып, қамқорлығын көрсетіп бағады. Дегенмен бір-бірлерінен сөз алып, сөз тасыған келіндері жұрт пиғылының әлдеқайда теріс, сәті түссе тегіс жерде сүріндіруге бар екендерін жеткізді. Соның бір айғағы, ұлдарын алып-қашпа әңгімемен тойдырып, анасына қарсы қойған фрагменттер. Көпке ой салар сәттерден тыс, Аязқан, Мистекан рөлін сомдаған өнерпаздар диалогы зал қонақтарын күлкіге қарқ қылғандары жасырын емес. Алайда өмірге келмеген бейкүнә сәбидің алдағы өмірі әлі де болса жұмбақ, қатер құрсауында тұрғаны ана жадынан бір сәтке де алыстамады. Күндердің күні айы толып, күні жеткенде Меркүл босанып жатып та сәбиінің өмірден еш құқай көрмей, орнын табуына тілеулестігін танытып бақты. Тағдыр қаталдығы мен қоршаған ортаның ұдайы бір саусағын бүгіп жатуы Меркүлдің өмірін жалмап тынды.