Өскеменде төрт жасар бала 5 қабаттағы терезеден құлап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға бүгін сағат 15.47-де Добролюбов көшесінде орын алған. Ата-анасының қарауынсыз қалған 2016 жылғы бүлдіршін 5 қабаттағы пәтердің терезесінен құлап кетті.
– Бірнеше жерден жарақаттанған бала ауыр халде ауруханаға түсті. Бұл Өскеменде балалардың терезеден құлауының екінші жағдайы. Ал жалпы облыс бойынша осындай 4 факті тіркелді. Барлық оқиғаның себеп-салдары бірдей – балғынды үйде жалғыз тастап кетіп терезені ашық қалдыру, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Құтқарушылар қауіпсіздік шараларын жіті түсіндіріп жатса да, тұрғындар арасында балаларын қараусыз қалдырып кететіндер әлі де баршылық.
Осы ретте, ТЖД ата-аналарға барынша абай болып, баланы бір минутқа да жалғыз қалдырмау керектігін ескертеді. Терезеге темір тор орнатып, жиһазды мейлінше терезеден алыс қойған жөн.