25 мамыр күні бала Прохладный шағын ауданында велосипед тебуге шыққан, бірақ сол беті үйіне оралмаған.
Кәмелет жасына толмаған баланың туысқандары оның жоғалғаны туралы ақпаратты әлеуметтік желіге жариялаған болатын.
- Іздеу шаралары кезінде учаскелік полиция инспекторы Дерменқұлов сол күні түнде Прапорщиково ауылында жоғалған 8 жасар баланы тапты. Баланың айтуынша, ол досымен бірге велосипед тебуге шыққан, бірақ қаладан ұзап кеткенін өзі байқамай қалған, - деп хабарлады ШҚО Полиция департаменті.
Ведомство мәліметінше, тәртіп сақшысы баланы жоғалған күні сағат түнгі 23:30 шамасында тапқан. Қазір баланың хәлі жақсы. Ол ата-анасының қолына тапсырылды.
Ақмарал Мұхтарбекова