Ресми ақпаратқа сүйенсек, жиынға үш қаланың сауда бағытындағы өкілдері, туристік ұйым мамандары келіп қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Road show» деп аталатын конференция Өскеменде ұйымдастырылды. Жоба менеджері Гүлнар Қабиеваның сөзінше, ақпараттық турдың жалғасын табуына «Visit Aktobe» Туристік ақпараттық орталығы» қолдау көрсетті.
– Өңірдегі ішкі туризмді, өңірдің туристік брендін дамыту, облыстың туристік объектілерін танымал ету мақсатында қолға алынды. Бұл жолы Ақтөбеден арнайы делегаттар келіп, маңызды сала төңірегінде құнды ақпараттар ұсынып, тәжірибе алмастық, – деді ол.
Айтуынша, қатысушылар арасында қонақ үй басшылары мен блогерлер де қатысты. Ақтөбеден келген делегаттың құрамында 10 адам болды. Әрбірі ішкі туризмді өркендету төңірегінде ақпараттармен бөлісіп, жоспар құрды. Ақтөбе облысы бойынша лицензияланған тур операторлар аймақтардағы туризмнің дамуы үшін жасалатын қадамдар реттілігін жоғалтпауы тиіс екендігін жеткізді.
– Республика қалаларындағы ауа сапасы әралуан. Бұл жақта экология өзекті мәселе. Сол себепті, алдымен тарихи-танымдық, емдік-сауықтыру, сондай-ақ экология тұрғысынан күш салсақ, еш ұтылмаспыз, – деді делегаттар.
Айта кетейік, жиын Өскеменде биыл тұңғыш рет өтті.
– Алдымен Шымкентке жол тарттық. Бір аптада үш қаланы аралауымыз тиіс болды. Қыркүйектің 11-16 күндерін қамтыған ақпараттық турдің бір бөлігі облыс орталығында, ең соңында Қостанайда бас қостық, – деді Гүлнар Қабиева.