Қалада құрылыс жұмысы тоқтап тұрған көпқабатты үйлерге енді жаңа инвесторлар тартылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өскеменде жалпы 627 пәтерлік 4 тұрғын үй кешенінің құрылысы мердігерлер кінәсінен тоқтап тұр. Бұл көпқабатты үйлердің жағдайы облыс әкімдігінде өткен жиында қаралды.
— «ӘКК «Ертіс» АҚ арқылы үш үй салынып жатыр. Олар – 243 пәтерлі «Делюкс Таун» тұрғын үй кешені, 240 пәтерлі «Астория» тұрғын үй кешені және 144 пәтерлі «Эсмеральдс» тұрғын үй кешені. «Делюкс Таун» тұрғын үй кешеніндегі екі үйдің құрылысын аяқтау үшін жаңа инвестор тартылды. Құрылыс-монтаж жұмыстары қайта жандануда. Осы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. «Астория» тұрғын үй кешенін салушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сот аяқталғаннан кейін құрылысты жалғастыру туралы шешім қабылданады, - деді ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дидар Кеңесбаев.
Құзырлы басқарма сот шешімі шыққаннан кейін биыл проблемалы төрт тұрғын үй кешенінің екеуін аяқтауға уәде етті.