Өскеменде «Ұлы даланың Ұлы тұлғалары» атты көрме-энциклопедияның ашылуы өтті

944
көрілім

Қаңтар айының 25-і күні Өскемендегі кітапханада 2023 жылы аталып өтілетін және еске алынатын күндерге арналған «Ұлы даланың Ұлы тұлғалары» атты көрме-энциклопедияның ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Көрменің ашылуына оқушылар, студенттер, мемлекеттік қызметкерлер, қаланың педагогикалық және шығармашылық қоғам өкілдері қатысты. Көрме қонақтары мерейгерлердің өмірі мен қызметі туралы көптеген қызықты фактілермен, баспа, бейне, фотоқұжаттармен және осы көрнекті тұлғалардың шығармашылық мұрасымен танысып, шақырылған тарихшы, зерттеуші ғалымдар, журналистер мен мерейгер жазушылардың тартымды баяндамаларын тыңдады. Әдебиеттер экспозициясы негізгі төрт бөлімнен тұрды.

 «Ұлт перзенті» атты мерейгер-мемлекет қайраткерлерінен құралған кітап галереясының көшбасында – ойшыл, ақын-мистик және діни уағызшы, сопылықтың түркі тармағының негізін қалаушы Қожа Ахмет Әзірет Сұлтан Яссауи; қазақ мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткері, Ұлы жүздің биі, шешен әрі ақын Төле би; ақын, жырау, би, қазақ халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі Бұқар жырау Қалқаманұлы; Алаш ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері, Алаш-Орда үкіметінің мүшесі Отыншы Әлжанов; Қазақстанның мемлекеттік және саяси қайраткері, Қазақстан Республикасының қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және т. б.

 «Өмір жырын шерте білген» бөлімі мерейгер-жазушылар мен көркемсөз шеберлерін біріктіреді. Олар: ақын, философ, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы; ақын-демократ, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыров; жазушылар Оралхан Бөкей, Анатолий Иванов, Николай Горбачев, Асқар Алтай, Тоқтарбек Мағзұмов, Қалқаман Сарин; ақын, журналист Серік Құсанбаев және тағы басқалар. Көрменің ашылуы барысында кітаптармен қатар, Күршімдегі Барақ батыр мерейтойындағы Оралхан Бөкейдің сөйлеген сөзін тыңдады.

 «Өнермен өрілген өмір» бөлімінде мерейгер-шығармашылық мамандықтың жарқын өкілдері – композитор-күйші, қазақ аспаптық музыкасының классигі Құрманғазы Сағырбайұлы; Париж сахнасында өнер көрсеткен тұңғыш қазақ әншісі Әміре Қашаубаев; Қазақ радиосының дикторы, Қазақстанның Халық әртісі, Ұлы Отан соғысының ардагері Әнуарбек Байжанбаев; әнші, Қазақстанның мәдениет қайраткері, шәкәрімтанушы Келденбай Өлмесеков; актер, режиссер, сценарист Сақан Әкелеев; суретші-карикатурашы Айдарбек Ғазизұлы және т. б. Кітап шолуымен қатар, кездесу қонақтары актер, режиссер әрі біздің кітапхананың тұрақты оқырманы болған Сақан Әкелеевтің көзі тірісінде түсірілген бейнежазбаны тамашалады.

 «Өр Алтайда ізі қалған тұлғалар» бөлімі – тағдыры Шығыс Қазақстанмен тығыз байланысты мерейгерлерге арналады. Олар келесі белгілі жерлестеріміз: ағартушы, өлкетанушы Прокофий Григорьевич Харламов; көрнекті геолог, палеонтолог, географ, Алтайды зерттеуші, фантаст-жазушы, КСРО Ғылым академиясының академигі Владимир Афанасьевич Обручев; Алтайды зерттеуші Петр Александрович Чихачев; қоғам қайраткері, зерттеуші, шежіреші Бошай Кітапбаев; мемлекет қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, орта машина жасау министрі, Өскемен қаласының Құрметті азаматы Ефим Павлович Славский; ғалым, тілші- түркітанушы Сәрсен Аманжолұлы Аманжолов; ӨПИ бірінші ректоры (қазіргі С. Аманжолов атындағы ШҚУ), Қазақ КСР Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері (1981), С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Құрметті профессоры Жұмаш Кәрімұлы Уәлиев; мәдениеттанушы-ғалым, сыншы, философия ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген әртісі Сәбетқазы Нұржақияұлы Ақтаев; партия қайраткері, Семипалатинскі қаласының (қазіргі Семей қаласы), Өскемен қаласының бұрынғы әкімі, Тарбағатай ауданының, Өскемен қаласының Құрметті азаматы Амангелді Қажыбаев; КСРО-ның бокстан спорт шебері, ҚР кикбоксингтен Еңбек сіңірген спорт шебері, үш дүркін Еуропа чемпионы, халықаралық және республикалық кубоктардың иегері Ержан Шегенов және т. б.    

- Кітап көрмесі кітапханада жыл көлемінде жұмыс істейтін болады. Келіңіздер, бабалар рухына бас ие отырып, олардың ерлігі мен еңбегін насихаттайтын қызықты да танымды, интерактивке толы көрмемен танысыңыздар! - дейді кітапхана қызметкерлері.

Байланыс телефоны: 26-13-33