Ресми ақпаратты облыс прокуратурасының баспасөз қызметіндегілер ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өңірде 98 балаға 84 млн теңге қарызы бар 75 алимент төлемеуші тапқан-таянғанын букмекерлік кеңселерге тігіп жіберген. Нақты жазсақ, соңғы үш жылда солардың пайдасына 100 млн теңгеден астам соманы қайтарымсыз аударыпты.
- Атап айтқанда, Өскеменде 1,5 млн теңге алимент қарызы бар борышкер А., онлайн букмекерлік кеңседе 7 млн теңгеге құмар ойнына бәс тігіп, ұтылған. Талдау нәтижелері бойынша олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілген соң борышкерлер өздеріне (E-Gov мобильді қосымшасы арқылы) құмар ойындарға қатысуға тыйым салды, - делінген прокуратура өкілдерінің мәліметінде.
Сонымен қатар, борышкерлердің құмар ойындарға еліктеуінің жолын кесу бойынша одан әрі жұмыс жүргізу үшін Қазақстан Республикасы туризм және спорт Министрлігінің туризм индустриясы Комитетіне ел көлемінде жұмыс істейтін букмекерлік кеңселерді анықтау туралы хат жолданды.
- Құмар ойынға бәс тігетіндер туралы деректер де алимент төлеуден жалтарудың дәлелі болады. Бүгінде алимент төлемеу бойынша қылмыстық істерді тоқтату туралы 2 шешімнің күші жойылып, қосымша тергеуге жіберілді, - деді прокуратура өкілдері.