Өскеменде "Үнсіз педофилия" кітабының тұсаукесері өтті

701
көрілім

Өскемен қаласында "Үнсіз педофилия" кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Елімізде күн сайын 2-3 бала жыныстық педофилдердің құрбаны болып жатыр. Жалпы балаларға қатысты жасалатын қылмыстың 43%-ы жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты. Міне, осы тақырыпқа қатысты жазылған "Үнсіз педофилия" кітабының тұсаукесері Өскемендегі А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада өтті.

Қоғамда бұл тақырыпта сөйлесу әлі күнге дейін ұят саналады. Ата-аналар қауіптің ауқымын түсінбегеннен кейін, балаларға сақтық жайлы жөнді ескертілмегеннен кейін айуандыққа баратындар тыйылмай тұр. Бұл педофилия туралы терең жазылған қазақ тілді тұңғыш туынды болып отыр.

Бұл кітапқа педофил құрбандарының шынайы өмірі негіз болған. Авторы - психоаналитик, Орталық Азия психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова. Кітапты құрастырушылардың бірі – Анна Құдиярованың шәкірті әрі PR менеджері Зарина Қаһарманқызы. Кітап мұқабасының авторы – республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің ШҚО бойынша меншікті тілшісі Мерей Қайнарұлы.

«Педофилия – ел айтуға қорқатын жабық тақырыптардың бірі. 2021 жылы Қазақстанда балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық бойынша 956 іс тіркелген екен. Елімізде 6 млн-нан астам бала бар. Ал бала дегеніміз біздің болашағымыз. Олардың балалық шағы бақытты, келешегі жарқын болуы керек. Сол үшін біз педофилиямен бірлесе күресуіміз қажет», - дейді Зарина Қаһарманқызы.  

     

Кітапта педофилден баланы қалай қорғауға болатыны туралы ата-аналарға арналған жадынама, педофил болудың себептері, педофил ұсталған жағдайда заң бойынша қандай жазаға тартылатыны, педофилияға қатысты статистика, педофилияға қатысты терминдер және осы тақырыпқа қатысты басқа да керекті мәліметтер жазылған. Аталған кітап психологтарға, мұғалімдерге, дәрігерлерге, ата-аналарға және баламен жұмыс істейтін кез келген мамандарға арналған.